Дархан Қыдырәлі : "Көк түріктің атажұртында жас мемлекеттің іргесін қалаған Елбасы тамыры бір туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғады"

Жаңалықтар
19.04.2019, 09:33

Ресми іс-шара 19 сәуір күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында өтті. Тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының директоры Әмірхан   Рахымжановпен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің елшілері және Түркия елшілігінің дипломатиялық миссия өкілі, Парламент депутаттары, іргелі ғылыми-зерттеу институттарының  басшылары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ жетекшілері және танымал ғалымдар қатысты.

«Түркі интеграциясының архитекторы» жинағына түркі дүниесінің лидері, тамырлас жұрттың тұғырлы тұлғасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев туралы бірқатар мемлекет басшыларының, танымал саясаткерлер мен сарапшылардың, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пайымды пікірлері мен орамды ойлары топтастырылған.

Ал «Елорда эпопеясы» кітабында тәуелсіз елдің алтын қазығы, Елбасы тәуекелінің жарқын жемісі болған Елорда туралы айтылады. Онда астананы Ақмолаға көшіру туралы шешімге қол қойылғаннан бастап Президенттің қасынан табылған, елорданың ұшқан құстай қарқынмен жан-жақты дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, шығармашылық өкілдері және мәдени сала қызметкерлерінің, сондай-ақ шетелдік лауазымды тұлғалардың жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған естен кетпес ерекше естеліктері, ыстық лебіздері топтастырылды.

Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: "Түркі дүниесіндегі бірлік пен берекені, өзара қарым-қатынасты көздің қарашығындай сақтау болашақ ұрпақ үшін де өте маңызды. Кітап – тасқа түскен таңбадай, санаға жазылып қалады. Сондықтан да осы кітап қолына тиген әрбір адам, біздің тамыры тереңге жайылған бауырластығымызды, жақындығымызды терең түсінеді. Елбасы - Нұрсұлтан Әбішұлының өнегелі өмірінің тағы бір қыры, халықаралық сахнадағы беделі мен елді ұйыстыра білетін мықты саясаткер екендігін көрсететін жаңа кітаптың шығуымен құттықтаймын! Ал «Елорда эпопеясы» басылымында Қазақ елінің Бас шаһары, жақында ғана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерген астанамыз туралы, көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің және тағы басқа да саланың көрнекті өкілдерінің жылы пікірлері топтастырылыпты. Елбасымыз: «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі», - деп еді. Сондықтан да Елордамызды қанша насихаттасақ та жарасымды. Бұл қос басылым әр үйдің төрінде тұратын құнды кітап болады деп ойлаймын. Шығармашылық ұжымға, Халықаралық Түркі Академиясы мен «Егемен Қазақстан» газетіне зор алғыс айтамын. Өйткені бұл қажырлы еңбектің, үлкен жұмыстың оң нәтижесі» деген  лебізін жеткізді.

Бұған қоса жиында Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов және Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі Жээнбек Кулубаев та баяндама жасап, Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі саясаттағы еңбектеріне және халықаралық аренадағы бастамаларына тоқталды.

Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов: «Кеңес одағы ыдырамай тұрған кездің өзінде -ақ, яғни 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Бакуге арнайы келіп, екі туыс халықтың байланыстарын нығайтуға мән берген еді. Нұрсұлтан Назарбаев Таулы Қарабақ мәселесінде: «Әзербайжанның тұтастығы мен әзербайжан - армян қатынастары құқықтық негізде шешімін табуы керек деп, өзінің бауырластығын білдірді. Екі ел арасындағы әріптестік қазір ең жоғары деңгейде» - деп мәлімдеді.

Ал, Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі Жээнбек Кулубаев: «Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан экономикасы өте қиын жағдайдағы ел еді. 1991 жылы Семейдегі ядролық полигонды жауып, 2006 жылы Семейде Қазақстанның бастамасымен ядролық қарудан ада аймақ құру идеясы жүзеге асты. Ұлтаралық татулықты сақтау, инвестициялық саясат арқылы экономиканы нығайту, 1998 жылы елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру және соңғы жиырма жыл ішінде әлемге танылған қала салуда Нұрсұлтан Назарбаевтың ролі өте зор. 2005 және 2010 жылдарда Қырғызстанда болған толқуларда Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз елін, қырғыз элитасын бейбітшілік пен ынтымаққа шақырды. Қазіргі уақытта қырғыз - қазақ қатынастары ең жоғары деңгейде десек қателеспейміз» -  деген ойын ортаға салды.

Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев: «Түркі дүниесінің бірлігі, олардың ынтымағы осы елдердің әлеуметтік-экономикалық және рухани салада бірге жұмыс істеуінде. Түркі әлемінің бірлігі туралы армандап кеткен буынның аңсарын  елбасы жүзеге асырды. Мәселен - Түркі кеңесі. Оны құру мен жарғысын қабылдауға Нұрсұлтан Назарбаев тікелей себепкер болды. Бұл нәрсені Түркі Академиясына да қатысты айтуға болады. Түркі Академиясы бүкіл түркі дүниесіне ортақ қомақты кітаптар шығарды. Сөздіктер, классикалық еңбектерді басты. Осының бәрін жандандырып отыр.Оны тек қана түркі тілдерінде ғана емес ағылшын тілінде де шығарды. Осының бәрінен елбасының халықаралық ролін байқаймыз» - деген пікір білдірді.

Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) президенті Дархан Қыдырәлі өз баяндамасында: «Расында, көк түріктің атажұртында жас мемлекеттің іргесін қалаған елбасы тамыры бір туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғады. Әуелі іргедегі бауырлас елдермен Орталық Азия ынтымақтастығын құру жөнінде бастама көтерді. Содан кейін кезең-кезеңімен Алтай мен Анадолының арасын қосқан Елбасы түбі бір туыс елдер түгел мойындаған тегеурінді тұлғаға айналды. Түркі жұртының тағдыры талқыға түскен келелі кездесулерге ұйытқы болған Елбасы Түркі кеңесі, Түркі Ақсақалдар кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы сияқты іргелі ұйымдарды құру туралы бастама көтерді. Биыл 10 жыл толып отырған бұл бастама – аса ірі бетбұрыс кезеңнің басына айналды. Сондықтан болса керек, 2010 жылы Түркістанда өткен жиында Түркияның сол кездегі Президенті Абдолла Гүл Қазақстан басшысының иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып, оны «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп бағалаған еді» деп атап өтті.

Сұхбат

PhotoRoom