Елордада Ұлттық академиялық кітапханада «Жүз жылдық жылнама» атты 5 томдық жинақтың тұсаукесері өтті.

Жаңалықтар
11.06.2019, 13:07

Елордада Ұлттық академиялық кітапханада «Жүз жылдық жылнама» атты 5 томдық жинақтың тұсаукесері өтті.

Кітаптың таныстырылымына БАҚ басшылары, ардагер журналистер қатысты. Іс-шара «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында өтіп отыр.

«Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, 1919-1976 жылдар аралығын қамтитын 5 томдық жинақ әзірге 2000 данамен таралып отыр.

«1919 жылы «Ұшқын» деген атпен шыға бастаған басылым әр жылдары түрлі атпен шықса да,  тілдің, діннің, жердің, емленің мәселесін, ұлт мүддесін көтерді. Сол тұстағы зиялылардың арасындағы айтыс-тартыс, ашаршылық, репрессия, соғыс пен тың игеру сияқты тарихи оқиғалардың бәрі осы жинақта қамтылды. Қазақ тарихының шежірешісіне айналған газеттің бетінде Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов сияқты арыстардың ізі қалды. Көп адам ол тұста газетті орталық комитеттің органы болған деп ойлайды. Олай болмағанына осы бес томдықты оқып көз жеткізуге болады. Бұл жинақ газет оқырмандарына ғана емес, журналистика тарихы мен әдебиеттің өткенін зерттеп жүрген ғалымдарға, кәсіби тарихшыларға да таптырмас құрал болады деп ойлаймын», дейді Дархан Қыдырәлі.

Жинақта 1919 жылдан 1970 жылдар аралығында, «Ұшқын» газетінен бастап «Социалистік Қазақстан» басылымына жарық көрген материалдар топтастырылған. Еліміздің 100 жылдық жылнамасынан хабар беретін кітапта Алаш қайраткерлері мен сол дәуірдің шындығын көрсететін мақалалар толық қамтылған. Осы жылдарда газет басшылары мен қызметкерлерінің көбі репрессияға ұшыраған.

Жүз жылдық межесіне жеткен республикалық басылым – «Егемен Қазақстан» газеті алғаш рет өз оқырмандарының қолына «Ұшқын» деген атпен 1919 жылғы 17 желтоқсанда тиді. Газет өз тарихында «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. 2018 жылғы наурыздан бастап «Егемен Қазақстан» атауы латын қарпінде Egemen Qazaqstan деп жазыла бастады. Басылымда өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов, және басқа да ұлт қайраткерлері басшылық қызмет атқарды.

Сұхбат

PhotoRoom