Қазақстан 102,9 млн доллар қарыз алады

Жаңалықтар
11.12.2014, 11:03

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Ирриграциялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Келісімге сәйкес, Ирриграциялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, жобаны іске асыруға бағытталатын қаражаттың жалпы көлемі 339,5 млн. доллар. Соның ішінде жобаны қаржыландыру үшін Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі Қазақстанға 102,9 млн. доллар сомасында қарыз береді. Ал республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру 236,6 млн. долларды құрамақ. Қарызды өтеу мерзімі 2022 жылдан бастап он жылды құрайды. Бұл ретте министр Асылжан Мамытбеков жобаның екінші кезеңінде шетелдік тәжірибе мен инновация жетістіктерін пайдалана отырып, суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін жақсарту бойынша қолдағы дренаждық жүйелерді жетілдіру көзделетінін атап өтті.

«Құрғақшылығы басым трансшекаралық өзендердің, атап айтқанда Сырдария, Шу, Талас, Іле бассейндеріндегі ауыл тұрғындарының әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жағдайларын жақсартуға бағытталады. жоба 113 мың гектар аумақты қамтиды. Мұның ішінде Алматы облысында - 12,5 гектар, Жамбыл облысында - 15 мың гектар, Оңтүстік Қазақстан облысында - 70,4 мың гектар, Қызылорда облысында - 15,5 мың гектар жер аумақтары қамтылады», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Оның сөзіне қарағанда, жоба 2021 жылы аяқталатын болады.

Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Сұхбат

PhotoRoom