Алматы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауды бастады

Жаңалықтар
12.12.2014, 13:22

Алматылықтар «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекесін бастап та кетті. Бүгін Ұлттық кітапханада мереке аттас кітап көрмесі ашылды. Алты бөлімді көрмеге қазақ, орыс, шет тілдеріндегі және сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан 3 мыңнан астам еңбек қойылған.

Ұйымдастырушылар кітап көрмесі арқылы қазақ хандығының тарихын, еліміздің өркендеуі мен нығаюына өмірі мен қызметін арнаған көрнекті тарихи тұлғалардың еңбектерін және есімдерін көрерменге насихаттауды мақсат тұтып отыр.

«2015 жылды ұлттық тарихымызды ұлықтау мен бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп есептеу керек» деп Мемлекет басшысы өз жолдауында бір емес бірнеше рет айтты. 2015 жыл жалпы қазақ хандығының 550 жылдығы рухында өтетін болады. Қазақ андығына неше жыл болғанын бұрын нақты білмей келдік. Бұл дата бізде ғұмыры тойланбаған. Бірінші рет тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміздің атын атаған үлкен той тойлағалы отырмыз. Жыл бой үлкен шаралар өтеді. Солардың ең алдында келер жылды күтпей үлкен көрме жасап жібердік. Оған сирек қордан алынған кітаптар мен күні бүгінге дейінгі зерттеулер қойылады. Басқа мекемелер ұлттық кітапханадан үлгі алсын», - деді кітапхана директоры Әлібек Асқаров.

Салтанатты шараға қатысқан тарихшы, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері Қазақ хандығы мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихы туралы талқылады.

Көрме аясында келушілер назарына режиссер Қанат Есенамановтың «Әбілхайыр хан» атты деректі фильмі ұсынылды.

Сұхбат

PhotoRoom