Президент шыршасы өтеді

Жаңалықтар
19.12.2014, 16:30

Жаңа жыл қарсаңында Астана тұрғындары мен қонақтары үшін қызықты мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады. Балаларға арналған басты жаңажылдық ертеңгілік - Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәңгілік Елдің қасиетті құндылықтары» атты шыршасы 24 желтоқсанда Оқушылар сарайында өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Елордалық балалар мен оқушылар үшін сонымен қатар жаңа жылдық қойылымдар мен ертеңгіліктер де өткізіледі. Астана қаласы әкімінің жетім және дарынды балаларға арналған шыршасы 25 желтоқсанда Оқушылар сарайында ұйымдастырылады. 20 желтоқсан-30 қаңтар аралығында елордалық циркте «Қисық айналар патшалығы» атты жаңажылдық бағдарламасы, ал 20 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Алқызыл гүл» ертегісі бойынша қойылым көпшіліктің назарына ұсынылады.

29 желтоқсанда елордалықтар «Конгресс-холлда» «Жаңа жыл думан» концертін тамашалайды. Оған Астана қаласы мемлекеттік филармониясының классикалық және эстрадалық вокал бөлімшелері, «Шалқыма» халықтық биі ансамблі қатысады.

27,28 және 31 желтоқсанда «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында Петр Чайковскийдің «Шаттауық» балеті қойылады.

Астана тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңажылдық концерт қалалық алаңда 31 желтоқсанда сағат 21.00-де басталады. Мерекелік отшашу Есіл өзенінің жағасында 2014 жылғы 31 желтоқсаннан 2015 жылдың 1 қаңтарына қараған түні болады.

Сұхбат

PhotoRoom