Елбасының Украинаға сапары мәселені реттеуге ықпал ете ме?

Сараптама
23.12.2014, 12:20

Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тележүргізушілермен кездесуде мынандай бір статистика келтірілген болатын. Қазақ елінің басшысы биыл әріптестерімен 40-тан астам кездесу өткізіп үлгерген. Әртүрлі сапарлар, әуе жолымен ұшу сапарлары арқылы ол 120 мың шақырым - үш экватордың ұзындығымен бірдей болатын жол жүріп шыққан. Егер әуе жолы арқылы ұшқан уақытыңызды есептесек, Мемлекет басшысы аспанда тура бір апта уақыт өткізіпті.

Енді бұған Украинаға аялдап, сол елдің басшыларымен өткізген арнайы кездесулері мен кеше кешқұрым дамылдамай Ресей астанасына табан тірегенін қосыңыз. Сонымен 2014 жылдың ең ірі оқиғаларын тарих бетіне түсірген қос славян еліне жасаған Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарына тоқталайық.

Қазақстан мен Украина президенттері екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарды қарастырды. Сонымен қатар екі елдің көшбасшылары Украинадағы ахуалды, оны барлық мүдделі тараптардың қатысуы арқылы реттеу жолдарын талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәнді мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік беретін бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды.

Барлық қиындықтарға қарамастан Рада сайлауын өткізіп, үкімет құра алғандығыңыз үшін Сізді құттықтағым келеді. Бұл – Сіздің президент ретіндегі алғашқы үлкен жеңісіңіз. Минск хаттамасының әзірленуі де Сіздің еңбегіңіз, – деді.

Қазақстан Президенті елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды қалпына келтіру және деңгейін көтеру қажеттігіне назар аударды.

Қазақстанда Украинаның коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары кеңінен қолданылады, азық-түлік әкелінеді. Украинаға біз де өз өнімдерімізді жеткізіп отырдық. 4 миллиард долларды құраған тауар айналымының көлемі күрт төмендеді. Бірақ бұрынғы көрсеткішке жетуге біздің мүмкіндігіміз бар. Бұл орайда, үкіметаралық комиссия табанды жұмыс жүргізіп, ынтымақтастық жолдарын табуы тиіс. Мен ондай мүмкіндіктердің бар екенін білемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол Украина төңірегіндегі ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған барлық шараларды қолдайтынын былай жеткізді:

Қазіргі жағдай ешкімге пайда бермейді. Барлық елдермен достық қатынаста екенімізді ескере отырып, біз осы мәселе жөнінде Сізбен бірлесіп жұмыс істей аламыз. Біз белгілі бір шешімге келіп, адамдардың опат болуын тоқтатуға септігін тигізетін шаралар қабылдау үшін іс-қимылдарымызды үйлестіре аламыз деп үміттенемін.

П.Порошенко екі мемлекеттің өзара ықпалдастығының әлеуетін сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да негізгі салаларда белсенді түрде пайдалану қажеттігіне тоқталды.

– Елдеріміз арасындағы кедергіні жоюға ықпал ететін үкіметаралық комиссияның жұмысын бастау қажет. Сізге Украинаның егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдау тұрғысындағы берік әрі сындарлы ұстанымыңыз үшін алғыс айтамын. Бізге Минскіде қысқаша әңгімелесуге мүмкіндік туды. Жасалған мәлімдемелер, уағдаластықтар нақты көрініс тауып отыр. Украина мұны жете бағалайды.

04 (4)Встреча с Порошенко расширенная

Кеңейтілген құрамдағы кездесуде  Мемлекет басшысы Қазақстан мен Украина тәуелсіздіктің барлық кезеңінде көптеген бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықта болғанына тоқталды. "Мен елдеріміз арасындағы достық және ынтымақтастық туралы шарттың қол қойылғанына 20 жыл толған жылы келіп отырмын. Өзара тауар айналымы 2010 жылдан 2013 жылға дейін екі есе өсті. Биыл ол төмендеп кетті, бұл біздің әлеуетімізге сай емес, себебі Украина – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Сондай-ақ біздің елдің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы беретін мүмкіндіктер мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттары туралы айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Украина бизнесін аталған бағдарлама аясындағы перспективалы жобаларға қатысуға шақырды.Елбасы екі елдің өзара ықпалдастығы өнеркәсіп, көлік-транзит, энергетика салаларында қосымша серпінге ие бола алатынына назар аударды.Өз кезегінде П.Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевқа Украинаға қатысты немқұрайлы ұстанымда қалмағаны үшін шынайы ризашылығын білдірді. "Сіз күрделі кезеңде бізді қолдау үшін менің шақыруымнан соң бірден келдіңіз. Менің жеке өзім де, Үкімет пен украин халқы да мұны жете бағалайды. Шынымен де, біз Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ деп санаймыз. Бұл мәселеге қатысты тиісті органдар ауқымды жұмыс жүргізуі қажет", – деді Украина Президенті. П.Порошенко сондай-ақ тамақ өнеркәсібінде, авиатехника құрастыру ісінде, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қарым-қатынасты жандандырудың маңыздылығын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында Қазақстан Президенті Украина біздің еліміздің экономикамен қатар саясаттағы жақын серіктесі болып саналатынын айтты.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Украинаға Екібастұз көмірін жеткізу туралы уағдаластық жасалғанына тоқталды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев П.Порошенконы Қазақстанға сапарлап келуге шақырды. Оның аясында бизнес форум да ұйымдастырылмақ.

Украина төңірегіндегі ахуалға қатысты Қазақстан Президенті оқиғаның бұлай өрбитінін болжау қиын болғанын айтты.

– Бізге экономиканы көтеру орнына басқа мәселелермен айналысуға тура келді. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында ғажап табыстарға қол жеткізді. Мұның бәрі көп ұлтты елдегі татулық пен тыныштықтың арқасында мүмкін болды, Украинаға да соны тілеймін. Татулық пен тұрақтылық жағдайында ғана халыққа жақсы жағдай жасауға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қалыптасқан ахуалдан шығудың жолдары бар екеніне тоқталды.

– Негізгі серіктес болып саналатын Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіруге болады деп ойлаймын. Украина Еуропаға жақын, осыны ескере отырып, онымен қауымдасуын толық түсінуге болады. Мен үлкен әрі тәжірибелі адам ретінде Ресейді де, Украинаны да елдің аумақтық тұтастығын сақтай отырып, тығырықтан шығудың жолын іздеу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Украина бұл жағдайдан нығайып шығады және әрдайым солай болғаны секілді қуатты елге айналады деп үміттенемін. Оның зор экономикалық әлеуеті бар, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық тарап Минск уағдаластықтарын ұстанатынын атап өтті.

– Онда жазылған мәселелерді шешуге болады. Бұл ретте бәрі ұлттық азшылық құқығына тіреледі. 100-ден астам ұлт тұратын Қазақстанда түрлі этностардың ана тілінде оқытатын мектептер, ұлттық театрлар бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның қасында тіл үйренуге, мәдениет пен тарихты сақтауға септігін тигізетін 36 мәдени орталық жұмыс істейді. Бұл әлемдік тәжірибе, Украина мұны өз мемлекеттілігі аясында қолдануына болады. Жағдайдан шығудың жолы бар екеніне сенімдімін және оны тезірек пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы.

П.Порошенко аяқталған келіссөздердің сындарлы әрі жемісті болғанына назар аударды.

Сіздің сапарыңыз біздің экономикадағы ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттарына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Украинаның шығысындағы ахуалды ушықтырмау жөніндегі өзара ықпалдастық пен ұстанымдарды үйлестіру мәселелері жеке қаралды. Қазақстан халықаралық құқық нормаларын сөзсіз сақтау ұстанымында. Өзінің халықаралық беделін ахуалды реттеуге пайдаланып жатқан Қазақстан Президентіне ризамын, – деді  Украина Президенті.

05 (4)Встреча с Яценюком

 

Бұдан кейін Елбасы Украинаның Премьер-министрі Арсений Яценюкпен кездесті. Жүздесу барысында Қазақстан мен Украина қарым-қатынастарының ахуалы мен болашағы, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен Украинадағы жағдайды ушықтырмауға бағытталған күш-жігер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының бұрынғы көрсеткіштерін қалпына келтіру үшін барлық мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.

– ТМД –да қабылданған еркін сауда аймағы туралы келісімге сәйкес біз экономикалық байланыстарды дамытуға тиіспіз. Біздің елдеріміздің арасында жұмысына өзіңіз қатысатын үкіметаралық комиссия жұмыс істейтін болады. Ынтымақтастық жолдарын табуы үшін біздің бизнесмендеріміздің қатысуымен өтетін форум жоспарлануда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазақстандықтардың Украинадағы жағдайға алаңдайтынын, тұрақтықтың қалпына келетініне үміттенетінін айтты.

– Украин ұлтының 330 мың қазақстандық азаматы біздің елдеріміздің арасындағы дәнекер. Біз Украинаның қалыптасқан ахуалдан шығып, бейбіт дами бастағанын қалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

А.Яценюк Украина мен Қазақстанның арасында ежелден тығыз экономикалық және саяси қарым-қатынастар болғанына тоқталды.

– Бізде өзара іс-қимылдың екі негізгі бағыты бар: сауда және энергетика. Біз осы тұста ілгерілей аламыз. Біздің екіжақты экономикалық ынтымақтастығымыз тек жақсара беруі тиістігіне сенімдімін. Егер біз тауар айналымын ұлғайтуға бағытталған дұрыс әрі айқын шешімдер қабылдайтын болсақ, онда ол елдерімізге пайда әкелетін болады, – деді  Украина Премьер-Министрі.

 

Сұхбат

PhotoRoom