Дәстүр бойынша, әркім өзінше жылды қорытындылап жатыр. Биыл ашылған SAIGEZ.KZ саяси сайты да өзінің қорытындысын әзірледі. Жыл басынан бірнеше облыс әкіміне саяси портреттер жасалды. Сынаған сәттерімізді көрген көпшілік біздің сайтымызды оппозициялық деп баға да беріп тастады. Алайда, мемлекеттікшілдік позицияны қолдайтын Saigez.kz өз бағытынан жаңылған жоқ. Елде болып жатқан жаңалықтар мен түрлі сараптамаларды біз тек қана деректермен ғана ұсынып келдік.
Сонымен биылғы жылдың қорытындысы.
Жыл саясаткері – Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті туралы әлемде жағымды пікір қалыптасқан. Ол биыл 40-тан астам кездесулер, 30-ға жуық телефонмен әңгімелер жүргізген. Бұның бәрі аймақтық және әлемдік геосаяси түсінісбеушіліктерді реттеуге бағытталған. Украина мәселесі бойынша, нақты әрекеттерге барған саясаткер. Қазір Батыс әлеміне қарсы бет-жүзі «күйіп» отырған РФ президенті Путиннің өзі Назарбаев арқылы ымыраласқысы келетінін саясаттанушы Ерлан Қарин мәлімдеген болатын. Еуропалық Одақтың негізін қалаушы елдердің бірі Франция президентінің риза-хош болып, екі күн сапарлауы Қазақстан Президентінің беделі.
Ұлытау сұқбаты, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау мәлімдемелері, Ресейде басталған қаржылық дағдарыстан 1 ай бұрын тығырықтан шығудың жолдары анық көрсетілген «Нұрлы жол» Жолдауын арнауы Назарбаевқа деген халықтың сенімін одан әрі арттыра түсті. Сондықтан бұл аталымға елімізде Н. Назарбаевқа тең келген саясаткер болмады десек, артық айтқанымыз емес.
Жыл әкімі – Қырымбек Көшербаев пен Асқар Мырзахметов.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңір үшін биыл аз жүгірген жоқ. Облыс тізгіні қолына тигенде экономикалық даму ырғағы бойынша республикада ең соңғы орында тұрған Қызылорда аймағының көрсеткіштері едәуір жақсарған. Тек 2014 жылдың өзінде Татарстан Республикасы, Қытай, Ресей, Түркия, Ұлыбританияға сапарлап облыстың жағдайына оң ықпалын тигізуі тиіс 50-ге жуық келісімдер мен меморандумдарға қол қойды. Бұған Ұлттық компаниялар мен өзге де отандық компаниялармен арадағы келісім шарттарды қосуға болады. 2015 жылы Миланда өтетін ЭКСПО көрмесінде Қазақстан әлем жұртшылығын Арал теңізі проблемасына аударады. Қол астындағы мамандарды алыс-жақын шетелдерде аз уақытқа болса да оқытып, тәжірибе алмасуына да жақсы жағдай жасады.
Асқар Мырзахметов - биыл Президенттің қолынан Мемлекеттік сыйлық алған әкім. Облысқа жарты жылда екі рет барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Мырзахметовтың жұмысын бас бармақпен бағалап кетті. Биылғы алғашқы тоғыз айдың өзінде ғана жалпы құны 145,6 млрд теңге болатын 104 жоба іске қосылған еді. Жыл соңына дейін де бұл бастама жалғасын тапты. Бүгінде, өңір нарығында белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 122 823 бірлікті құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,5 пайызға өскен.
Жыл депутаты – Дариға Назарбаева мен Алмас Тұртаев.
Дариға Назарбаева депутаттық белсенділігін бәсеңдетпей келеді. Әрине, оның сөзі кез келген шенеунікке өтімді. Атқарушы билік тарапынан келген қонақтарды сұрақтың астынан алып отырады. Жыл депутаты атануға ықпал еткен тағы бір фактор – осы жылдың сәуір айында Мәжіліс Төрағасының орынбасары болып сайлануы.
«Ақжол» партиясының Парламентте өкілі аз болса да, кәсіпкерлікке, отбасылық проблемалар мен жастар мәселелеріне қатысты өте өзекті сауалдарды Үкіметке жолдап отырады. Әсіресе, Мәжілістегі ең жас депутат – Алмас Тұртаев бұл тұрғыда белсенді. Демографиялық мәселелерді шешудің нақты жолдарын көрсетіп, баспанамен қамту, оқулықтардың жетіспейтіндігін үлкен мінберде дәл мезгілінде көтеріп жүр. Оған жастар тарапынан қолдау да аз емес.
Жыл министрлері – Асылжан Мамытбеков пен Әсет Исекешев.
Аграрлық саланы қанша сынасақ та, табиғи шикізаттарға ғана тәуелді ел экономикасын тығырықтан алып шығар бір сала болса ол осы – ауылшаруашылығымыз. Асылжан Мамытбеков өз саласын бес саусағындай білетін маман. Кезінде әлеуметтік желілерде сынап жүрген азаматтарды кабинетіне шақырып, барлық сұраққа ашық жауап бергені бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып отыратын ауылшаруашылығының жағдайы көтеріліп келеді. Бұл салаға Үкімет тарапынан аз көңіл бөлініп отырған жоқ. Оны ел аралағанда мал, егін шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлердің өзі мойындап, рақметін айтып отырғанын талай көргенбіз. Иә, Асылжан Мамытбеков биыл орынбасарларының бірі істі болғанда отставка туралы айтып ел аузына іліккені тағы бар. Дегенмен, ақпарат құралдары өкілдеріне әркез ашық екенін дәлелдеп келеді.
Еліміздің экономикасын көтеріп, әл-ауқатымызды арттыратын екі сала болса, оның бірі - ауылшаруашылығы, екіншісі - индустриалды қоғам құру идеясы. ҮИИДБ қабылданғалы осы істің басы-қасында жас та болса, бас болып Әсет Исекешев жүр. Телекөпір барысында жер-жерде түрлі деңгейдегі кәсіпорындар ашылып жатқанын көрдік. Үкімет есебіне сүйенсек, нақты нәтижелерде жоқ емес дейді. Сондай ақ, министрліктің атауы өзгерсе де, министрі өзгермей орнында қалған аз шенеуніктің бірі – Әсет Исекешев. Керісінше, басқару аймағы кеңейгеніне қарағанда жоғары басшылықтың алдында үлкен беделге ие болса керек. Халық та оны сынап жатпайды.
Жылдың үздік саяси сарапшылары Досым Сәтпаев пен Ерлан Қарин
Досым Сәтпаевтың редакторлығымен биыл «Коктейль Молотова» атты жастар саясатына арналған зерттеу кітабы шығарылды. Бірнеше автор болғанымен, Д. Сәтпаевтың қолтаңбасы анық байқалады. Бұрын тек сауалға жауап беруші болса, биыл «Таң» телеарнасының апталық шолу жүргізіп, белгілі мамандардан сұхбат та алып ерекшеленді. Оның болжамдары мен саяси позициясы құнын арттырмаса, кеміген жоқ.
Биыл Елбасы Н. Назарбаевтан кейін ең көп сапарлаған кім десеңіз, Ерлан Қарин деп жауап беруге болатын шығар. Әлемнің бірнеше елінде болып, қауіпсіздік, терроризм тақырыбында тыңғылықты зерттеу жүргізді. Бірнеше шетелдік сарапшылармен түрлі жиындар өткізді. Ең басты жаңалықтары – Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтына директор болып тағайындалуы және «Солдаты Халифата: Мифы и реальность» атты кітабының жарыққа шығуы.
Жылдың идеологтары Мұрат Әбенов пен Берік Уәли
Жақында «Саясат.орг» сайты идеолгиялық жұмыстарда белсенді үздік ондықты анықтаған болатын. Солардың арасынан орын алғандардың екеуін ерекше атап өткіміз келеді.
Мұрат Әбенов мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін өзін суда жүзген балықтай сезініп келеді. «Нұр Отан» партиясының, ҚР Президенті жанындағы Жастар Кеңесінің, «Өрлеудің», «Серпін» жобасы мен «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының жұмыстарына ерекше белсенділікпен қатысты. Елдік, бірлік туралы жастармен кездесулерді ең көп өткізген осы Әбенов болуы мүмкін. 24.kz телеарнасында «Ашық әңгіме» хабарын жүргізіп, биыл өзін тағы бір қырынан танытты.
Берік Уәли бұрындары Оңтүстік Қазақстан облысының пиар жұмыстарына жауапты болатын. Көпшілік оның Асқар Мырзахметовтің имджіне оң ықпалын тигізгенін айтады. (Б. Уәли облысқа барғалы Наурыз мейрамын 9 күн бойы тойлап, Жаңа жылдық шыршаны Тәуелсіздік мерекесінен кейін орнату бастамасы). Биылғы жылдың ортасынан бастап, ол облыстың ішкі саясат басқармасына басшы болып тағайындалды. Жарты жылда облыста бірнеше шаралар атқарылып, олар республикалық деңгейде насихатталып келеді. Өңірде жүрсе де, Мәңгілік ел идеясын кеңінен насихаттап келеді. Әлеуметтік желілерде «Жолдау» және «Шымкент ескерткіштері» атты ерекше жобалары бар.
Saigez.kz