Президент Нұрсұлтан Назарбаев ертең ГФР Канцлері Ангела Меркельмен Украина мәселесі бойынша келіссөздер жүргізеді, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Кездесу барысында Украинада қалыптасқан жағдайды шешу мәселесі талқыланады. Сондай-ақ, қаңтар айының ортасында осы тақырып бойынша «норманд форматында» келіссөз өткізуге дайындық мәселесі де қаралады, деп хабарлайды ГФР үкіметінің ресми өкілі Штеффен Зайберт.
Бірақ, dpa агенттігінің хабарлауынша, Зайберт 15 қаңтарда Астанада келіссөз өтетіні жайлы ештеңе айтпаған.
«Мен әзірше бұндай кездесудің болатыны және оның қашан өтетіні туралы ештеңе айта алмаймын. Бастысы, сол кездесуде нақты келісімдерге қол жеткізілсе болғаны», - дейді ол.
Елбасының А. Меркельмен кездесуімен бір уақытта Ресей, Украина, Франция және Германия елдерінің сыртқы істер министрлерінің телефон конференциясы өтпек, дейді агенттік хабарламасында.
Сондай-ақ, алдағы аптаның басында аталған елдердің сыртқы істер министрлері деңгейінде жиын өтуі мүмкін. Онда Қазақстан астанасында өтуі ықтимал кездесу жайы да талқыланбақ.
Қазақстан жағы Украина мәселесіне қатысты бірқатар мемлекет басшыларын Астанаға жинамақ екені бұған дейін айтылған болатын. Батыс пен Шығыс арасындағы диалог орнату - Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Тіпті, аталған жиын Астанада өтпеген күннің өзінде Әлемдік дәстүрлі діндер басшыларының съезі, Еуразиялық медиа форум сияқты маңызды шаралармен аты шыққан еліміздің Украинаға қатысты табанды ұстанымы айқын. Кикілжіңге ұласқан халықаралық қатынастың реттелуіне өз дәрежесінде қимылдап, ықпал етті.