Соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 2,5 есеге өсті. Бұл туралы ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Такир Балықбаев мәлiм еттi.
«Ғылымды басқарудың жаңа жүйесі толығымен қалыптасты. 2011 жылы «Ғылым туралы» Заң қабылданғаннан кейін бізде қазір ғылымды басқаруда жоғары ғылыми-техникалық комиссия құрылған. Сол комиссия істерінің негізінде ғылымның жаңа бағыттары мен басымдықтары анықталады. Сонымен бірге ұлттық ғылыми кеңестер құрылған. Биыл біз олардың құрамын жаңарттық. Ұлттық ғылыми кеңестердің ішіне бизнестен және индустриядан 50 пайызға дейін өкілдерді тарттық»,-деді вице-министр.
Т. Балықбаевтың сөзіне қарағанда, бизнес және индустрия саласының мамандарын тартудың себебі ғылым бағытын бизнес пен индустрия талабына сай көбірек қарастыруға негізделген.
«Соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 2,5 есеге өсті. Егер 2010 жылы оның деңгейі 20 млрд. теңге болса, 2013 жылы 52,9 млрд. теңге, ал өткен жылы 49 млрд. теңгені құрады. Сонымен бірге ғылымға жастардың тартылуы мен ғылыммен айналысатын адамдардың саны да артуда»,-деді министрдің орынбасары.