Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалығымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесін әзірлеу және оны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті.
Отырысқа орталық және жергілікті атқарушы органдардың, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Іс-шаралар жоспарының орындалу барысы қаралды. Атап айтқанда, ҰОС ардагерлерін және оларға теңестірілген тұлғаларды мерейтойлық медальдармен марапаттау, оларға әлеуметтік, материалдық және медициналық көмек көрсету, сондай-ақ Қазақстандағы ардагерлер делегацияларының ТМД елдерінде өтетін мерекелік іс-шараларға қатысу мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Б.Сапарбаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесін әзірлеу және оны өткізу жөніндегі Іс-шаралар жоспарының дер кезінде әрі сапалы орындалуына қатысты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді, деп жазады primeminister.kz.