2014 жылы Saigez.kz бірқатар облыстың әкімдеріне саяси портреттер жасап, өңірлердің жетістіктері мен кемшіліктерін тізбелеуді дәстүрге айналдырған болатын. Биыл да сол бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.
Біздіңше, осы жылы өңір басшыларының атқарып жатқан жұмыстары бірқатар параметрлер бойынша бағаланатын болады.
Индустриялық жобаларды жүзеге асыру
2007 жылғы әлемдік қаржы дағдарысының салдарымен күресіп жатқанда Мемлекет басшысының қаржылық ауытқушылықтар одан әрі де жалғаса беретінін айтып, экономиканы әртараптандыру кезек күттірмес мәселе деген болатын. Жыл сайын облыстарда кәсіпорындар ашылып жатқанынан хабардармыз. Елбасының қатысуымен телекөпірлер де ұйымдастырылып жатады. Дегенмен, ғаламдық экономиканы шайқап жіберер қауқары бар дағдарыспен арпалыста біздің күшіміз әлі де жеткіліксіз боп отыр. Мемлекет тарапынан бизнеске қолдау көрсетіліп отырса да, көптеген кәсіпорындардың күш алып кете алмай жөргегінде тұншығып қалатыны жайында аз айтылмайды. Көрші елдердегі, аймақтағы экономикалық ахуалдың бізге ықпал етері сөзсіз. Ресейдегі қаржылық жүйе құламай тұрып, Н. Назарбаевтың "Нұрлы жол" атты Қазақстан халқына Жолдауын арнағаны белгілі. Жолдауға сәйкес Ұлттық қордан түрлі салаға қаржы бөлу туралы тапсырма берілді. Бұл тұрғыда Қазақстан билігі 40 күн болса да уақыттан ұтты. Дағдарыс жағдайында да индустриялық жобаларға қолдау тоқтатылмайтыны айқын болды. Енді осы қолдауды пайдаланып, аймақтардағы жұмыстарды ұйымдастыра білу әкімдерге басты міндет.
Әлеуметтік жобаларды жалғастыру
Халықты әлеуметтік тұрғыда қорғап, еңбекпен қамтамасыз ету ұдайы тоқтамайды. Яғни, дағдарыс болсын-болмасын мемлекеттің атқаратын негізгі функциясының бірі. Биыл әлеуметтік жәрдемақыларға үстеме қосылмаса да, қайшыға түспейтіні жайлы Мемлекет басшысының аузынан айтылған. Халық бәрін бақылауда ұстап отыр. Әкімдер Президент жүктеген міндеттерді қалт жібермеуі тиіс. Яғни, жәрдемақы, жалақылардың кешіктірілмеуінен бөлек, жұмыссыздық көрсеткешінің артып кетпеуі аса маңызды.
Идеологиялық жобалармен айналысу
Былтыр жыл соңында Президент Н. Назарбаев 2015 жылдың Қазақстан үшін идеологиялық тұрғыда маңызды уақыт екенін бірнеше мәрте атап өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығы. Міне, әне-міне дегенше күнтізбелік 2015 жылдың алғашқы айының ортасына жеттік. Әзірге бірді-екілі облыс басшылары сөз арасында айтқаны болмаса, нақты іс-жоспарларымен таныс емеспіз. Қазақ болып алғашқы мемлекеттіліктің негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандығының мерейтойы қалай аталып өтіледі? Қай облыс несімен ерекшеленеді? Міне, әкімдердің жұмысы осы тарихи жылды қаншалықты абыроймен атқарғанымен де өлшенеді. Әзірге, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған іс-жоспарларымен ашық бөлісті. Бұл әсіресе, шекаралық облыстардың әкімдері үшін идеологиялық бастамаларын сәтті жүзеге асыруына жол ашатын кезең. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп бекер аталмады. Қазіргі саяси жүйені қалыптастырған Негізгі заңымыз Конституциямыздың 20 жылдығы да жыл ортасында жаппай аталып өтіледі.