«А» корпусына іріктеу тәртібін жетілдіру керек. Бұл туралы бүгін Астанада мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері бойынша дөңгелек үстелде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды Қазақпарат.
«Тестілеудің қиындатылған бағдарламасынан басқарушылық дағдысы мен жұмыстағы тәжірибесі мол көптеген маңызды мамандардың бір заң бойынша тек 1-2 балл ғана жинай алмай, осы үдерістен өте алмауы жиі кездесті»,-деді Қ. Қожамжаров.
Осыған орай қолданыстағы тестілеудің рәсімін қайта қарастыру мен кандидаттарды іріктеу кезінде жаңа қадамдарды енгізу мәселесін қайта қарастыру күн тәртібіне енгізілді.
«Біздің көзқарасымыз бойынша заңды білу тестілеуінің нәтижесі конкурстық іріктеудің соңғы кезеңінде назарға алынуы тиіс, яғни кандидаттардың кәсіби-тұлғалық қыры қарастыралатын және комиссияның соңғы шешімі шығарылатын кезде ескерілуі керек. Агенттік «А» басқарушылық корпусына іріктеу тәртібін жетілдіруді ұсынады», -деді ведомство басшысы.
Бұл тұрғыда ол бастапқыда жаппай қабылдаудың мәні осы корпустағы барлық лауазымдарды бірден ауыстыру қажеттілігімен байланысты болғанын атап өтті. «Енді негізгі мақсатқа қол жеткізгеннен кейін және осы деңгейдегі басқарушылар құрамы жаңартылғаннан соң, кадрлық резервті құру қадамдарын өзгерткен дұрыс болар еді»,-деп түйді Қ. Қожамжаров.