Мәсімов Давоста меморандум бекітті

Жаңалықтар
23.01.2015, 09:14

Давоста Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бас хатшысы Анхель Гурриа ҚР Үкіметі мен ЭЫДҰ арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған Елдік ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойды.

Бағдарлама реформалар жүргізуді, сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыруды қарастырады. Елдік бағдарлама Қазақстанның ЭЫДҰ-ның бірқатар декларациялары мен ұсыныстарына қосылуына, оның құрылымдық бөлімдерінің жұмысына қатысуына мүмкіндік береді.

ҚР мен ЭЫДҰ екі жақты ынтымақтастығы мемлекеттік басқару жүйесіндегі, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, қазыналық саясат салаларындағы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп, іскерлік ахуалды жақсартады. Қазақстан ЭЫДҰ Елдік ынтымақтастық бағдарламаларын алғаш рет бірлесіп әзірлеген төрт елдің бірі болды.

Қол қою қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов «Елдік бағдарламаны жүзеге асыру – Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына кіруінің ұзақ мерзімді тапсырмасына жету үшін ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибелерін енгізуге ынтасын растайтын екі жақты өзара іс-қимылдың стратегиялық маңызды кезеңі» екенін баса айтты.

Өз кезегінде Анхель Гурриа қол қойылған құжаттың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы экономикасы бар, стратегиялық тұрғыдан Еуропа мен Азия түйіскен жерде орналасқан ел болып табылады. Елдік бағдарламаны жүзеге асырудың жағымды әсері өңірдегі басқа да елдердегі реформаларға өз пайдасын әкелетініне сенімдімін», - деді ЭЫДҰ Бас хатшысы.

Сұхбат

PhotoRoom