Тіл үйренемін деушілерге жаңашыл әдістерді меңгерген мамандар сабақ береді
Еліміздің 12 өңірінде қазақ тілін тегін үйрететін курс ашылды. AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында «Сөйле» тілдесу клубының жиынын өткізді.
«Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаев бір аптаға жетер-жетпес уақытта жастар қанатына азаматтардан 3 мыңнан астам өтінім келіп түскенін атап өтті.
«Сабақ аптасына бір рет өткізіледі. Ал біз бұл клубтардың жұмысын үйлестіреміз. Қазақ тілін меңгергісі келетін адамдардың бәріне бірдей мүмкіндік беру қажет. AMANAT партиясының саяси тұғырнамасында жазылғандай, тіліміздің мәртебелі және қажетті қатынас құралына айналуына тікелей мүдделіміз. Тіл үйрену – тиімді әрі қолжетімді болуы керек. Мемлекеттік тіл қазақ қоғамын біріктіретін күшке айналуы тиіс», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тіл үйренемін деушілерге жаңашыл әдістерді меңгерген мамандар сабақ береді.
«Тілді тиімді әдіс бойынша үйретеміз. Біз тек сабақ өткізіп қана қоймай, театр, қазақ фильмдерінің көрсетілімі сынды мәдени орындарда ұлттық мәдениетпен таныстыруды көздейтін түрлі іс-шара ұйымдастырамыз. Қатысушыларымыз тек тіл үйреніп қана қоймай, қоғамдастығымыздың бір мүшесі болғанын қалаймыз. Қатарымызға барынша көп адам қосылып, қазақ тілін үйренушілердің саны артса екен дейміз», - деді белгілі блогер Яков Федоров.
Клуб отырысы «Жастар Рухының» Астана, Алматы қалаларында және Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы филиалдарында өтеді.