Алматы облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл туралы Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады. Алматы облысының құрылыс, сәулет және инфрақұрылым салаларына жауапты әкім орынбасары болып, Әбдірайымов Ғалымжан Райлұлы тағайындалды.
1965 жылы 14 мамырда Жамбыл облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, «Тұран» Университетін бітірген. Еңбек жолын колхозда шебер болып бастады, әртүрлі құрылым ұйымдары мен мекемелерінде жауапты қызметтер атқарды. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аккредиттеу және аттестаттау басқармасының директоры болды. 2009-2013 жылдары Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аттестациялау және аккредитациялау департаментінің директоры. 2013 жылдан бастап ҚР Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.
Осы облыстың әкім аппаратының жетекшісі болып, Дүйсембиев Сұлтан Мырзабекұлы тағайындалды. Ол осы өңірге қарасты Қаратал ауданы әкімі болған.