ШЫМКЕНТТЕГІ КАМЕРАЛАР ТОЛЫҚТАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Жаңалықтар
26.11.2021, 23:16
ШЫМКЕНТТЕГІ КАМЕРАЛАР ТОЛЫҚТАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкенттің халқы мен қонақтары бұдай былай сергек жүруіне тура келіп тұр. Қала көшелеріне орнатылған 3177 дана сергек бейнебақылау камералары көлік жүргізушілерінен бастап, жаяу жүргіншіге дейін нысанаға алмақ. Осы орайда, 1500 құрылғы қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылса, 1677 камера жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркемек. Бұл ретте жылдамдықтың шектік режимінің бұзылуын, жол таңбасының талаптарын сақтамау, тоқтау сызығын қию, бағдаршамның жол жүруге тыйым салатын сигналына өтуі камера жадына жазылады. Сондай-ақ, қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілер мен  рөлде отырып ұялы телефоннан қолы босамайтындарға да құрық салынатын болды. Бүгіннен бастап бейнебақылау камераларының барлығы толықтай іске қосылғанын мәлімдеген Шымкент қалалық ПД бастығы Ералы Жұмаханбетов блютуз арқылы жұмыс істейтін құлаққаптардың жол қозғалысына кедергісі жоқ, деп түсіндірді.  

Ералы Жұмаханбетов – Шымкент қаласы ПД бастығы

Жол ережесін бұзған автокөлік иесі хабарламаны алғаннан кейін 7 тәулік ішінде салынған айыппұлының  50 пайызын төлеуге құқылы. Ал, аптадан асып кеткен жағдайда 100 пайызға ауыстырылады. Егер де құқық бұзушы айдан астам уақытта айыппұлын төлемесе, онда оның ісі сотқа өтіп, сот орындаушыларға жолданады екен. Бұл ретте көлік иесі көрсетілген жүру жылдамдығын бұзған жағдайда 5 АЕК бастап 30 АЕК дейін, яғни, 14 585 теңгеден 87 510 теңгеге дейін айыппұл төлейді.   

Сұхбат

PhotoRoom