ДБ Қазақстанға 6 млрд доллар бөледі

Жаңалықтар
26.01.2015, 14:02

 Жолдауға сәйкес Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 3 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыға көлік-логистикалық инфрақұрылымдық жобалары іске асырылады. 

Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік Банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Людмила Бутенкомен кездесуі алдында тілшілерге берген сұхбатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова осылай мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың мамырында ҚР Үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасында еліміздің орнықты дамуына жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейтудің әріптестік келісіміне қол қойылды. Осы Негіздемелік келісімнің аясында 2015-2017 жылдары аталған банк 6 млрд. АҚШ доллары шамасында займдар мен техникалық көмек ұсынатын болады.

Вице-министрдің айтуынша, біріншіден, Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауына сәйкес, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 3 млрд. 746 млн. долларға көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жобалары жүзеге асырылады. Осының аясында «Орталық-Батыс», «Орталық-Оңтүстік» жобалары қамтылады.

Ал екінші бағыт бойынша шағын және орта бизнесті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту аясындағы жобалар жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда 200 млн. доллар сомасында Дүниежүзілік банк тарапынан ШОБ-ты қаржыландыру үшін несиелік желілер ұсынылады. Сонымен қатар 246 млн. долларға бизнестің бәсекелестігін арттыру мен инвестицияларды тарту бойынша институционалдық көмек көрсетіледі.

Үшіншісінде, қоршаған ортаны қорғау мен су ресурстары бойынша 363,1 млн. доллардың жобалары іске асырылады. Осы бағытта Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау, қалдықтар мәселесі, ормандарды алқаптарды арттыру шаралары қамтылған.

Қазақпарат

Сұхбат

PhotoRoom