ОСК екі жаңа партияға сайлауға қатысуға ішінара рұқсат берді

Саясат
27.01.2023, 15:52

Жаңадан тіркелген партиялар әлі барлық аймақта филиалдарын құрып үлгермеген

ОСК екі жаңа партияға сайлауға қатысуға ішінара рұқсат берді
фото / Владислав Воднев

Жаңадан тіркелген «Байтақ» және Respublica партияларына бірқатар өңірде мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуға рұқсат берілді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды.

«Байтақ» жасылдар партиясы Қазақстанның 15 өңірінде мәслихат депутаттығына өз кандидаттарын ұсына алады. Бұл – Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстары, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары.

Respublica партиясына 19 өңірде сайлауға қатысуға рұқсат берілген. Бұл – Абай, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары, Астана, Алматы, Шымкент қалалары.

ОСК отырысында айтылғандай, аталмыш партиялар барлық өңірде филиалдарын құрып үлгермегені үшін оларға сайлауға қатысуға тек ішінара рұқсат берілген.

Сонымен бірге, жиында бұл партиялар кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталғанға дейін өңірлік филиалдарын құратын болса, басқа өңірлерде де қабылдауға мүмкіндік алатыны айтылды.

Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанда сағат 18.00-де аяқталады. Сайлау 19 наурызда өтеді.

Сұхбат

PhotoRoom