Жеңілдетілген автокредиттің электронды кезегі іске қосылады

Жаңалықтар
01.02.2023, 12:20

Платформада тек ел аумағында тіркелуге болады

Жеңілдетілген автокредиттің электронды кезегі іске қосылады
Фото: Владислав Воднев

2023 жылдың 6 ақпанында жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау үшін пилоттық платформа іске қосылады. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы хабарлады.

Өтініш қабылдау Астана уақыты бойынша сағат 10.00-де www.autonesie.kz ресми сайтында іске қосылады. Ол үшін өтініш берушінің электрондық-цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ), интернеті болуы қажет, сондай-ақ автоөндірушілерді алдын ала таңдауы шарт. Платформада тек ел аумағында тіркелуге болады.

Сайтта өтініш берген кезде деректер автоматты түрде ЭЦҚ арқылы қалыптасады. Өтініш беруші міндетті түрде тек телефон нөмірін енгізіп, автоөндірушіні таңдап, өтінімге қол қоюы керек. Өтінішнің тіркелгенін сайттағы «Жеке кабинет» арқылы тексеруге болады.

Айта кету керек, платформа бағдарламаға қатысушылардың пулын қалыптастырады, дилерлік орталықтарда автокөлікті және бағдарламаға қатысушы банктерде кредитті беру кезектілігін анықтамайды. Өтінішті бергеннен кейін автоөндірушіні өзгерту мүмкін емес.

Жалпы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталды. Оны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге («Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Еуразиялық Банк» АҚ) 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынды. Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңге болды.

Өнеркәсіпті дамыту қоры желісі бойынша қолданыстағы автонесиелерді өтеуден жинақталған қаражат көлемі 7,6 млрд теңгені құрайды. Осы деректерді ескере отырып, пилоттық платформаның алғашқы іске қосылу барысында 761 өтініш берушіге дейін тіркеле алады. Өтініш берушілердің осы санына жеткен кезде платформада өтініш қабылдау автоматты түрде тоқтатылып, «Өтінім беру» функциясы белсенді болмайды.

Сұхбат

PhotoRoom