Міндетті еңбек ету мерзімі бес жылдан төрт жылға, өңірлерде үш жылдан екі жылға қысқарды
«Болашақ» бағдарламасы түлектерінің міндетті еңбек ету мерзімі бір жылға қысқартылады. Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылдан бастап шетелдік университет, жұмыс беруші немесе ұйым тарапынан академиялық оқуға гранты бар «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары үшін міндетті еңбепен өтеу мерзімі бір жылға қысқартылды.
«Биыл «Болашақ» стипендиясы аясында үміткерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Енді конкурсқа шетелдік жоғары оқу орны немесе ұйым тарапынан академиялық оқуға гранты бар үміткерлер де қатыса алады. Мұндай түлектер үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында міндетті еңбек ету мерзімі бес жылдан төрт жылға, өңірлерде – үш жылдан екі жылға қысқартылады», - дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ ол «Болашақ» бағдарламасы тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейтінін атап өтті. Бұл қазақстандықтарға мүмкіндіктерді кеңейтіп, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жетекші шетелдік ЖОО-да оқуға гранты бар үміткерлер «Болашақ» бағдарламасының конкурсына қатысу үшін шетелдік университетке өтеусіз негізде қабылданғанын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға тиіс. Грант бүкіл оқу кезеңі ішінде академиялық оқу ақысын өтеуі керек.