Бесінші ауданның шекарасы бекітілді

Жаңалықтар
07.07.2022, 11:10
Бесінші ауданның шекарасы бекітілді

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс өткен он сегізінші сессиясының күн тәртібінде, шаһарда бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын бекіту мәселесі қаралды. Халық қалаулыларының алдында жаңа аудан жайында түсіндірген Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов мегаполисте демографиялық өсімнің жылдан жылға жоғарылап келе жатқанын жеткізді. Бұл ретте, тұрғындар саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбеюде екен. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 220 мыңның төңірегінде болатын көрінеді.  

Миллионды шаһарды 81 елдімекен құраса, оның 41 қалаға кейіннен қосылған ауыл типтес елдімекендер екен. Оларды дамыту –кезек күттірмейтін мәселе. Осы орайда, аппарат басшысы жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізетінін тілге тиек етті. Бұл ретте, жаңа аудан халқы құжат ауыстыруға  асықпаса да болады. Ал, мектеп пен емханаға, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтары бәз баяғы қалпынша қабылдай бермек.

Осыған дейін, мәслихаттың  тұрақты  комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланған бұл мәселе бүгінгі сессияда бірауыздан қолдау тапты. Осы орайда, тілшілердің тарапынан қызығушылық тудырған жаңа ауданның атауына байланысты мәслихат хатшысы өз ойын білдірді.

Шымкент қаласы Кеңес Одағы кезінде небәрі екі аудан болып құрылса, Тәуелсіздік алғаннан кейін 1996 жылы үш аудан болып қайта құрылды. Ал, төртінші Қаратау  ауданы 2016-2017 жылдары қосылғаны көптің есінде болар. Су жаңа бесінші ауданның шекарасын шегелеген құжатқа қол қойған Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Мұқан, қаланың дәл осы өсу қарқынымен алтыншы ауданның құрылатын күні алыс емес, дейді.

Тарихи сәтке куә болған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова, кезектен тыс өткен  сессиядан кейін халық қалаулыларының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жиында, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жай күйі, әйелдердің зейнет жасы, ЖОО бүгіні мен ертеңі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің салығы сынды мәселелер қозғалды. Сенаторлармен кездесуде,  қалалық мәслихатқа экономист маманының ауадай қажет екендігі де сөз болды.

Сұхбат

PhotoRoom