Күні кеше ғана түсте 2 тонна болып тұрған тауар кешке қарай 60 тоннаға жетті. Шымкентте Қостанайға көмек пункті 2 мекен-жай бойынша жиналған еді. Қала тұрғындары, депутаттар, белсенді азаматтар мен кәсіпкерлер жұмыла кіріскен жұмыс қорытындыланды десек те болады. Аманатты арқалап Торғай өңіріне кім бармақшы?
«Аманат» партиясының Шымкенттегі филиал ғимаратының алды ығы-жығы. Ойыншықтар, азық-түлік, көрпе-көпшік секілді заттарды көруге болады. Ізгілікті ортақ істе шаһардағы ірі кәсіпорындардың бірі де қалыс қалған жоқ. Әрқайсысы өз еріктерімен барынша қиналған ағайынға жиналған затпен қол ұшын бергісі келеді. Ал, жастар жағы жұмыс күші болып жүр.
Шымкенттен қалалық мәслихат депутаты және 5 ерікті жас халықтың аманатын арқалап аттанды. Көмек қолы 2 күнде жететін болады. Қостанайлықтарға жәрдем ретінде депутаттар атынан 10 тонна азық-түлік те жіберілгелі тұр.
Айта кететін ақпарат, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қостанай өңіріндегі жағдай тұрақталғанын жеткізді. Елді мекендерге қауіп жоқ. Әрбір ауылда күзет күшейтілді. Жеңіл жауынның арқасында ауа ылғалы да жоғарылаған. Таңғы 7:30-дан бастап өрт аумағы әуеде бақыланып жатқан көрінеді. Өрттен барлығы 91 үй зардап шекті. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.