Ұлттық мереке мегаполисте ерекше тойланды

Жаңалықтар
26.10.2022, 15:12
Ұлттық мереке мегаполисте ерекше тойланды

Ұлттық мереке  мегаполис жұртшылығына  ерекше көңіл-күй сыйлады. Қаладағы барлық алаңдар мен орталықтарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. «Республика күні биыл ұлттық мереке мәртебесін алып, ерекше аталып отыр. 

Айтулы күн қаладағы «Арбат» алаңында қызды. Шымкент қалалық Мәдениет басқармасына қарасты музей, кітапхана, театр ұжымдары Республика күніне орай ұйымдастырылған көрмеге қатысып, тақырыптық көрнекіліктерін қалың көпшілікке таныстырды. Салтанатты жиында Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Көпшіліктің көңілі шатқа бөленді. 

Мерекелік жиын ұлттық ойындармен қызды.Білекті  азаматтар  қол күресіп, мықтылары қошқар көтеріп, өз бақтарын сынады. Ал,  жасөспірімдер асыр салып  асық ойнады.  

Дәл осы күні қаладағы  Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық салтанатты түрде ашылды. Негізінде  бұл насан  былтырдан бері техникалық түрде ашылып, қала тұрғындары пайдаланып келеді. Жобаға қосымша жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері салынып, айнала абаттандырылды. Бұл – мегаполистегі ірі жобаның бірі.Қала әкімі бастаған топ шынар ағашының көшеттерін егіп, жолайырықпен кеңірек танысып, жаяу жүргіншілер арналған өткелдермен жүріп көрді.

Республика күні әкімшілік іскерлік алаңында да ерекше аталып өтті.  Көрмеге мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекеме ұжымдары жұмылдырылған. Мысалы, театрлар өздерінің сахналық көріністерін ұйымдастырса, кітапханалар құнды дүниелерді, архивтер өздеріндегі бағалы құжаттарды көпшілік назарына ұсынып отыр. Мұның барлығы көп жылдан бері алғаш рет атап өтіліп отырған Республика күні мерекесіне орай қала тұрғындарына сыйлық десек те болады. 

Қазақстан тарихында 25-қазан «Мемлекеттік егемендік туралы Декларация» қабылданған күн ретінде қалды. 1990 жылы 25 қазан күні қабылданған Қазақстанның «Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» - ел Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі. Бұл құжатта Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардын қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. 

Сұхбат

PhotoRoom