Жаңа жыл қарсаңында 120 отбасы баспаналы болды

Жаңалықтар
30.12.2022, 18:51
Жаңа жыл қарсаңында 120 отбасы баспаналы болды

Жаңа жылды өз баспанасында қарсы алады. Шымкентте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» бағытымен тұрғын үй кезегіндегі 120 отбасы баспаналы болды. Аталған несиелік пәтерлер Нұрсәт шағын ауданында орналасқан.

 

«Нұрсәт» шағын ауданында орналасқан мына зәулім үйдің иелерінің қуанышында шек жоқ. Олар көптен күткен пәтерінің кілтін алып, 2023 жылды өз баспаналарында қарсы алмақ. Қалалық мәслихат хатшысы мен әкім орынбасары, баспана иелерінің қуанышын бөлісіп, кілт тапсыру салтанатты шарасына қатысты.  
2022 жылы Шымкент қаласына «Бақытты отбасы 2-10-20» бағыты бойынша жалпы саны 472 отбасына лимит бөлінген. Оның ішінде 245-і көпбалалы отбасы, 187-і мүгедек бала асыраушы отбасы, ал тағы 40-ы толық емес отбасы.  Аталған бағыт бойынша өтінімдер 20 маусымынан бастап «Отбасы банктің» интернет-ресурсы арқылы  жүзеге асырылған еді.
Ел игілігіне пайдалануға берілген баспаналардың құрылыс жұмыстарын «Югстройсервис-Н» және «Орион ЛТД» мердігер компаниялары жүргізген. Әкімдіктің тапсырысымен салынған таза әрлеудегі әлеуметтік тұрғын үйлер 3-4 жайлылық класына сәйкес келеді. Пәтердің ең үлкен ауданы 80 шаршы метр.
 «Өз үйім - өлең төсегім». Жанар Көпжасарова жаңа жыл қарсаңында керемет сыйлық болғанын айтады. Үйлі болатыны туралы сүйінші хабарды желтоқсан айынының басында ерекше күтімді қажет ететін ұлының туған күнінде естіген. Қуаныштан көз жасына ерік берген.   
Жаңа үйде барлық жағдай жасалған. Жылу жүйесі мен электр жарығы қосылған. Тұрғындардың 80 пайызы орналасып болғаннан кейін газ да беріледі. Бұл үйлерді қуаныш иелері нарықтағы бағадан екі есе төмен бағамен жеңілдетілген бағдарлма бойынша алып отыр. Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасында бастапқы жарна-10% болса, банктің жылдық мөлшерлемесі небәрі– 2%. Ал ипотекалық несиелендіруді 20 жылға дейін рәсімдеуге болады.
Қалалық  тұрғын үй басқармасының мәліметінше, Шымкентте биыл 3 мыңға жуық азамат пәтерге қол жеткізген. Оның тең жартысы сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық пәтерлер. Сондай-ақ, бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті бюджеттен 1 млн теңгеге дейін  қайтарымсыз негізде әлеуметтік көмек те қарастырылған. Айта кетейік,  «Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 1 және 2 топ мүгедектері, мүгедек бала асыраушы және көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатысады.  Аталған бағдарлама 2023 жылы да жалғасады.

Сұхбат

PhotoRoom