Президент партиядағы орынбасарын қабылдады

Жаңалықтар
27.01.2015, 16:37

Кездесу барысында Б.Байбек Мемлекет басшысы – партия төрағасына партия қызметін жетілдіру және қайта қалыптау жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады. Қазақстан Президенті партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ауқымды «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданғанын, ол әлемдік экономикадағы дағдарыстық құбылыстарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталғанын атап өтті.  

– Бұл бағдарлама партияның қолдауы аясында жүзеге асырылатын болады, өйткені оның беделі бар, бүкіл еліміз бойынша көптеген адамдар партия сапында тұр. «Нұрлы жолды» қабылдау – елдің болашақ дамуы мен халықтың игілігі үшін зор мәні бар маңызды шара. Осыған байланысты партия бастауыш ұйымдарға сүйене отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарына ден қоюы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев инфрақұрылымды сапалы дамыту, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан ілкімді қолдау көрсету «Нұрлы жол»  бағдарламасының міндеттеріне кіретінін айтты.

– Кәсіпкерлер несиемен қамтамасыз етілуде, бизнес ашуға жағдай жасалып, тексерулер саны азаюда. Барлық кедергілер жойылуда. Жалпы, кәсіпкерлік Индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы жол» бағдарламалары, жол және баспана құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртулар арқылы ұсынылатын мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Егер партия Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен осы бағытта тығыз ықпалдасатын болса, қажетті нәтижелерге қол жетеді. Экономиканы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеу қажет, – деді Қазақстан  Президенті.

Төрағаның бірінші орынбасары партияның сайлауалды тұғырнамасындағы міндеттемелерінің іс жүзінде 70 пайызға жуығы  орындалғанына тоқталды. Ол Мемлекет басшысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасының бекітілгенін де айтты.

Б.Байбек сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне партияның қатысуы туралы баяндады.

– Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Мәжілістегі және мәслихаттардағы партия фракцияларында «Нұрлы Жол» бағдарламасының орындалуы мен Ұлттық қор қаржысының пайдаланылуын қадағалайтын 4 комиссия құрылды, – деп хабарлады партия төрағасының бірінші орынбасары.

Б.Байбек Президентке партия мүшелері бағдарламаны табысты орындау үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыратынын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

akorda.kz

Сұхбат

PhotoRoom