«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XXII съезі өтіп жатыр
2022 жылы президенттікке кандидат болған Қарақат Әбден «Ауыл» партиясының мүшесі атанды. Бұл туралы партия съезінде «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев мәлімдеді.
«Байқасаңыздар, президент сайлауында Қарақат Әбденнің тұжырымдамасы халықтық дәстүрлермен, ауылдық бағыттағы дәстүрлермен байланысты болды. Сондықтан оның дәстүрлері бар, дәстүрді, мәдениетті, адами капиталды, шығармашылықты дамыту – біз ұстанған негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан Қарақатты қатарымызға қуана қабылдадық. Толық партиялық тізімді ұсыну және қабылдауды бүгінгі съезд шешеді», - деді Әли Бектаев.
Бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XXII съезі өтіп жатыр. Қарақат Әбден «Ауыл» партиясының мүшесі болуын мәртебе көретінін айтты.
«Ауылдың еңсесін көтеруіміз керек. Ауыл идеологиясы, мемлекеттік идеологияның негізі болу керек деп есептеймін. Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз демекші, ауыл - тұтас елдің болашағы. Ал біз ауыл жарқын болуы үшін аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Біз әрқашан елмен, халықпен біргеміз. Ел болашағын ойлаған «Ауыл» партиясының мүшесі болу - мен үшін үлкен мәртебе», - деді Қарақат Әбден.
«Ауылдың» партиялық тізімі 25 адамнан тұрады. Олардың арасында президент сайлауына қатысқан Жигули Дайрабаев та бар.