Оның 1 миллионы – ауыл тұрғындары
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте жастар саясаты және мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамаларының жобалары қаралды, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы 6 бағыт пен 10 нысаналы индикаторды және 72 іс-шараны қамтитынын айтты.
Негізгі новеллалардың бірі – жастармен жұмыс істеу және олардың проблемаларын шешу бойынша әкімдіктер жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін Жастарды дамыту индексін енгізу.
"Біз 2029 жылға қарай мемлекеттік қолдау шаралары туралы жастардың хабардарлығын 90%-ға дейін, волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тартылу деңгейін 32%-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз", — деді Қыдырәлі.
Сонымен қатар тұжырымдама жобасы жас кәсіпкерлердің үлесін 30%-ға дейін, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендер арасынан жұмысқа орналастырылған жастардың үлесін 61%-ға дейін ұлғайтуды көздейді.
2029 жылға қарай 2,3 млн жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, оның 1 миллионы – ауыл тұрғындары. Сондай-ақ ауылдық жерлерде тұратын 1,5 млн жас қазақстандық цифрлық сауаттылыққа оқытылады.