Жаңбыршин Ақордаға кіріп шықты

Жаңалықтар
28.01.2015, 14:42

Есеп комитетінің төрағасы Елбасыға ведомствоның 2014 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы баяндады. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары, қаражатты жоспарлау және пайдалану кезінде үнемі анықталып жүрген проблемалар мен кемшіліктер туралы айтылды.

Есеп комитеті былтыр 298 нысанда 3,1 триллион теңге мөлшеріндегі қаражатты қамтитын 25 бақылау іс-шарасын жүргізді. Анықталған заңбұзушылықтың жалпы көлемі 716 миллиард теңгені құрады, республикалық бюджетке 75 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Тексерулер мен бақылау-талдау шараларының нәтижесі бойынша Үкіметке, мемлекеттік органдарға және квази-мемлекеттік сектор субьектілеріне 312 ұсыным мен тапсырма жолданды.

Сонымен қатар, Қ.Жаңбыршин облыстардың, Астана және Алматы қалалары ревизиялық комиссияларының 2014 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары туралы баяндады.

Мемлекет басшысы республикалық бюджет пен Ұлттық қор қаражатының тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру барысына қаржылық тәртіпті нығайтудың маңыздылығын атап айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Сұхбат

PhotoRoom