Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

Құқық
21.02.2023, 13:18

Ақылбек Рысқалиев пен Өміртай Адамовтың жазасы жеңілдетілді

Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Б.Хаменова және Мәдениет басқармасының басшысы болған А.Рыскалиевке, ЖШС директоры У.Адамовқа қатысты қылмыстық істі қайта қарады.

Сот үкімімен Б.Хаменова және А.Рыскалиев Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Б.Хаменоваға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, 2 жас баласының болуына байланысты ҚК-тің 74-бабының 1-бөлігін қолданумен жазаны орындау 3 жылға кейінге қалдырылды.

Сотталушы А.Рыскалиевке 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы У.Адамов ҚК-тің 367-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушылардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Мемлекет басшысына Б.Хаменованы «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Сот алқасының шешімімен А.Рыскалиев және У.Адамовқа қатысты сот үкімі өзгертілді, ал Б.Хаменоваға қатысты сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіздер болмағандықтан өзгеріссіз қалдырылды.

Апелляциялық сатыдағы сотта зерттелген дәлелдемелермен А.Рысқалиев Б.Хаменоваға бағынышты бола тұра, оның тапсырмасы бойынша пара алуға қол жеткізуге ықпал еткені анықталды.

«Бұл ретте, тек оның жағында сөйлей отырып, Б.Хаменованың пара алуы үшін жағдай жасады – У.Адамовпен тығыз байланыста болып, ескерткішті орнату үшін ақшалай қаражат бөлу тұрғысынан қалалық мәдениет бөлімінің басшысы және бухгалтерімен келіссөздер жүргізіп, шарт жасасу процесін жеделдету, ескерткішті орнатуға бюджеттен қаржы алу, сондай-ақ бөлінген қаражатты ЖШС шотына аудару жөнінде шаралар қабылдаған.

4 500 000 теңге мөлшеріндегі пара сомасы Б.Хаменоваға арналған, оның аталған сомадан үлесін алуы келісілмеген.

Сондықтан А.Рысқалиевтің әрекеттері ҚК-тің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағынан 28-баптың 5-бөлігіне, 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына пара алуға жәрдемдесу ретінде қайта дәрежеленді», - делінген Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

А.Рысқалиевтің жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып (қылмыстық құқық бұзушылықтың ашылуына ықпал етті, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкереледі, асырауында 4 жас баласы бар), ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.

У.Адамовқа қатысты оның жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып (егде жасын (65 жаста) және асырауында төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар 2 кәмелетке толған бала кезінен мүгедек балалардың болуы), ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен, тағайындалған жаза 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға төмендетілді.

Сұхбат

PhotoRoom