Төбелеске қатысқан 11 адам ұсталды
Алматы полициясы жаппай төбелеске қатысқан 11 адам ұстады, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Жастар арасындағы жаппай төбелес 23 ақпанда кешкі сағат 23:00 шамасында Бостандық ауданында болған.
«Оқиға орнына бірнеше патрульдік полиция экипажы шұғыл жетті. Нәтижесінде төбелеске қатысы бар деген күдікпен 11 адам ұсталды», - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.