Қазақстандық журналистерге арандатушылық шабуыл жасаған шетел азаматы ұсталды

Құқық
28.02.2023, 15:11

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Қазақстандық журналистерге арандатушылық шабуыл жасаған шетел азаматы ұсталды
фото © Владислав Воднев

ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел тергеу тобы қазақстандық БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың жолын кесті, деп хабарлады Polisia.kz.

Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің «Қорқыту», «Жеке өмірге қол сұғу», «Журналистік қызметке кедергі келтіру», «Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша айып тағылып жатыр.

Алматыда арандатушылық әрекеттердің тікелей үйлестірушісі – шетел азаматы, білікті хакер О.Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда «тапсырыстар» беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленді.

Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған. Атап айтқанда, автокөлікті өртеген, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсеткен, DDoss шабуылдар жасаған.

Қылмыстық топтың басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сұхбат

PhotoRoom