Сценарий ұрланған: «5:32» веб-сериалына қатысты сот үкімі шықты

Құқық
01.03.2023, 16:06

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ

Сценарий ұрланған: «5:32» веб-сериалына қатысты сот үкімі шықты
скрин: видео

Алматы соты Salem Social Media компаниясы мен журналист Асқар Жалдинов арасындағы дауға үкім шығарды.

Сот журналист Асқар Жалдиновтың авторлық құқық бойынша талабын ішінара қанағаттандырды. Сондай-ақ жауапкерлерге кітапты пайдаланғанын сериалдың титрларына қосып, көпшілік алдында мойындауға міндеттеді. Жауапкерлерден талапкер пайдасына 1 000 АЕК (3 млн 450 мың теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) көлемінде өтемақы және 1 млн теңге моральдық залал әрі сот шығындары өндірілді. Ал талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сот сценарий жазу кезінде авторлар Асқар Жалдиновтың «Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» атты кітабынан деректерді алғанын анықтады. Жауапкерлер бұл фактіні мойындамады. Себебі кітап әртүрлі уақытта болған нақты қылмыстарға негізделген. Азаматтық кодекс бойынша ақпараттық сипаттағы оқиғалар мен фактілер авторлық құқық объектісі болып саналмайды және талапкер оларды монополиялай алмайды.

Жалдинов сотқа жүгініп, Salem Social Media компаниясы, «5:32» сериалының режиссері әрі негізгі сценаристі Әлішер Утев авторлық құқықты бұзғаны үшін 15 мың АЕК (51 млн 750 мың теңге) өтемақы және 300 млн теңге моральдық залалды төлеуді әрі сериалдағы фактілер оның кітабынан алынғанын көпшілік алдында мойындауды талап етті.

Талапкердің пікірінше, аталған сериалдың 12 бөлімінің алтауында жауапкерлер оның кітабындағы деректерді көшіріп алған. Сот тараптардың барлық уәжін мұқият талдап, куәларды тыңдады. Нәтижесінде сараптамалық қорытындыларды зерделеп, бір қорытындыға келді.

«Талапкер бұл кітапты жазу кезінде ІІМ мен республика соттарының мұрағаттарын, қылмыстық істер материалдарын зерделеп, жұмыс істеген. Сондай-ақ қылмыстарды ашуға тікелей қатысқан бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің естеліктерін авторлық интерпретацияны қолданып пайдаланған. Бұл әрекеттерді ескеріп, сот кітапты шығармашылық жұмыстың нәтижесі деп қорытынды шығарды», - деп жазылған хабарламада.

Сот отырысында талапкер Асқар Жалдинов Азаматтық процестік кодекстің 72-бабына сәйкес жауапкерлердің өзіне тиесілі құқықтарды заңсыз пайдалану фактісін жеткілікті дәрежеде дәлелдеді.

Жауапкерлер авторлық құқық объектісіне қатысты жасаған әрекеттерінің заң талаптарына сәйкес келетінін және автордың құқығын бұзбағанын дәлелдей алмады.

Сұхбат

PhotoRoom