Шымкент: үнемделген 3,3 млрд теңге ауруханалардың материалдық базасын нығайтуға жұмсалады

Аймақ
25.07.2020, 21:49

Бұл қаражат мәдени шаралар өткізу мен іссапар шығындарынан үнемделген

Шымкент: үнемделген 3,3 млрд теңге ауруханалардың материалдық базасын нығайтуға жұмсалады
Фото: inform.kz

Шымкент қаласының әкімдігі карантиннің ұзартылуына байланысты жергілікті бюджетті оңтайландыру нәтижесінде 11,2 млрд теңгені үнемдеді. Қала мәслихатының кезектен тыс 68 сессиясында депутаттар бюджеттік бағдарлама әкімшілері ұсынған бюджет қаржысын бірауыздан бекітті. 

Мәслихатқа қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов үнемделген қаражаттыңбасым бөлігі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мен азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатынын атап өтті.

«Қысқартылған қаржы негізінен мәдени іс-шараларды өткізуден, қызметтік іссапар шығындарынан, мекемелердіңматериалдық-техникалық базасын нығайтудан оңтайландырылды. Айта кету керек, карантин шектеулеріне қарамастан қалалық бюджеттің кірісі төмендеген жоқ. Мәселен, қалалық бюджеттің өзіндік кірісі 21,8 млн теңгеге ұлғайып, 133 млрд теңгеге жетті. Қаладағы экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр»,-деді қала басшысы.

Нақтырақ айтсақ, қысқартылған қаржының 3 359,3 млн теңгесі - медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалса, 219,1 млн теңге - азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталмақ. 

Сонымен қатар 989,8 млн теңге - білім саласындағы мектептер мен мектеп-интернаттарды материалдық-техникалық жаңғыртуға, 111,7 млн теңге - алты көпқабатты тұрғын үйдің 12 лифт қондырғысын ауыстыруға жұмсалады. 

Қалған қаржы шағын аудандардағы инфрақұрылым мәселесі мен абаттандыруға қажет.

Сұхбат

PhotoRoom