Мерекенің тарихы 1857 жылдан басталады
Бүгін қыз-келіншектер Халықаралық әйелдер күнін тойлап жатыр.
Бұл күннің тарихы өз бостандығы мен құқықтары үшін көшеге шыққан әйелдердің күресімен байланысты болса да, бүгінде 8 наурыз – жүрекке жылулық пен мейірімділік сыйлайтын көктемнің шуақты мейрамы.
Халықаралық әйелдер күні қалай пайда болды
Мерекенің тарихы 1857 жылдан басталады. Дәл сол жылы 8 наурызда Нью-Йоркте тоқыма фабрикаларының жұмысшы әйелдері наразылыққа шығады. Нәзік жандар 10 сағаттық жұмыс күнін және жалақыны ерлердің айлығымен теңестіруді талап етеді. Жұмысшы әйелдердің жанайқайынан кейін алғашқы әйелдер кәсіподағы құрылады.
Жарты ғасыр өткен соң, 1908 жылы ақпанда Нью-Йоркте 15 мыңға тарта әйел өз құқықтары мен бостандығы үшін күресіп, митингке шығады. Олар еңбек саласында ерлер мен әйелдердің құқығын теңестіру, әйелдерге сайлауда дауыс беру құқығын беру туралы талап қояды.
Араға екі жыл салып Копенгагенде Халықаралық социалист әйелдердің конференциясы өтеді. Сол жиында АҚШ-тан келген делегаттар белгілі коммунист, әйелдердің құқығы үшін күресіп жүрген Клара Цеткинмен кездеседі. Неміс коммунисі қоғам назарын әйелдер проблемасына аударып, халықаралық әйелдер күнін бекітуді ұсынады.
Бірнеше жыл бойы Халықаралық әйелдер күні әр елде әртүрлі мезгілде аталып өтті. Тек 1975 жылы Біріккен ұлттар ұйымы 8 наурызды ресми түрде мереке етіп бекітті. Уақыт өте келе, бұл мейрам саяси көрінісін жоғалтты.