Жас кандидат халық өкілін сайлау – мемлекетті басқарудың балама жолы екенін айтты

Тұлға
16.03.2023, 18:12

Мәжіліс депутаттығына кандидат Полат Буранов сайлауалды бағдарламасындағы басты ерекшеліктерге тоқталды

Жас кандидат халық өкілін сайлау – мемлекетті басқарудың балама жолы екенін айтты

Парламент – Қазақстанда жоғары өкілдік орган саналады. Ал еліміздің азаматтарын мемлекетті басқару ісіне тартудың амалдарының бірі – халық өкілдерін аталған органға сайлау.

«Алайда бұл бағытта жаңа тәсілдер мен тетіктерді енгізу уақыт талабы». Осылай деген Полат Буранов қазіргі Мәжіліс тек заң шығару мен Үкімет мүшелерінің белгілі бір мәселелер бойынша баяндамаларын тыңдаумен ғана шектеліп қалғанын айтады. Оның айтуынша, қоғам Парламент тарапынан Жаңа Қазақстанды құруға байланысты неғұрлым пәрменді қадамдарды күтіп отыр.

Бұл орайда Полат Буранов кім деген заңды сауал туындайды? Полат Талхатұлы Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тумасы. Мамандығы заңгер, сондай-ақ Польшада бизнес менеджемент саласы бойынша білімін жетілдірген. 2000 жылдан бастап еліміздің бас шаһарында тұрады. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы кәсібінде табысты еңбек етіп келеді.

Астана қаласы бойынша №2 сайлау округінен Парламент Мәжілісіне үміткер П.Буранов айтқандай, қазіргі жағдайда түбегейлі өзгерістер қажет. Ол өзін тың көзқарастағы жаңа буынның Қазақстан азаматы ретінде санайды.

Депутаттыққа өзін-өзі ұсынған кандидат партиялық қозғалыстар мен фракциялардан тәуелсіз болғандықтан қоғамдағы өзекті проблемаларды еркін, ашық жеткізе алатынына бек сенімді. Түйткілді сұрақтарды тек көтеріп қана қоймай олардың барынша шешілуіне білек сыбана кірісуге дайын.

П.Буранов депутаттық сауалдарды жолдауда нақты халықтың мұң-мұқтажына сүйеніп, оларды атаулы түрде реттеуді көздеп отыр. Осы мақсатта қазір үміткердің «Сайлаушылар аманаты» сайтының қызметі жолға қойылғанын айта кетейік.

Аталған кандидаттың сайлауалды бағдарламасында тек саяси партиялардың қауқары жететін мақсаттар мен міндеттер қамтылғанымен халықтың қолдауы арқасында алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ екеніне оның үміті басым.

Сұхбат

PhotoRoom