Қазақстандық «Ник Вуйчичтің» Ақорда резиденциясын аралау туралы арманы орындалмақ

Тұлға
05.08.2020, 20:12

Әли Тұрғанбеков УЕФА Суперкубогының финалын арнайы барып тамашалап, жеңімпазды марапаттау рәсіміне қатысқан

Қазақстандық «Ник Вуйчичтің» Ақорда резиденциясын аралау туралы арманы орындалмақ

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өмірге екі аяғы жоқ болып келген Әли Тұрғанбековтың Ақорданы аралау туралы арманы орындалатынын жеткізді. 

«Әлидің күш-жігеріне, қайсарлылығына сырттай таңқалып, тілеулес болып жүруші едім. Оның үстіне ол да футболды жақсы көреді. Осы футболға деген құштарлығы оны әлемнің әр түкпіріне апарды. Балалық армандарын орындады», - деп жазды Берік Уәли.

Әли Тұрғанбеков әлем футболының жарық жұлдыздары Лионель Мессимен және Криштану Роналдумен кездесті. Мұхаммед Салахпен бірге жасыл алаңда футбол ойнады. УЕФА Суперкубогының финалын арнайы барып тамашалап, жеңімпазды марапаттау рәсіміне қатысты. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қолдап, "Әли, сенің мақсатқа жету жолындағы күш-жігерің әлемдегі талай адамды алға жетелейді. Барлық арманың орындалсын!", – деген еді.

Батыр бала жақында Ақорда резиденциясын арқасына алып суретке түсіп, зәулім ғимаратты аралап көрсем деген арманын жазыпты. 

«Бұл да орындалатын арман. Бұйыртса, карантин аяқталып, жұрт жаймашуақ тіршілігіне қайта оралғаннан кейін Әлиді арнайы шақырып, Ақорданы аралату керек деп шештік. Еліміздің басты ордасын осындай батыр ұлдар көруі керек, ішкі атмосферасын сезінуі қажет деген ойдамыз», - деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, Әли Тұрғанбековты «қазақстандық Ник Вуйчич» деп атайды. Аустралиялық жазушы, меценат Ник Вуйчич те өмірге екі аяқ, екі қолсыз дүниеге келген.

Сұхбат

PhotoRoom