Заңсыз айналымнан 9,6 млн-нан астам маска, 65 мың литр антисептик алынды – Қауіпсіздік кеңесі

Жаңалықтар
06.08.2020, 16:58

Бүгін экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті

Заңсыз айналымнан 9,6 млн-нан астам маска, 65 мың литр антисептик алынды – Қауіпсіздік кеңесі
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қауіпсіздік кеңесінің аппаратында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың және Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элимановтың қатысуымен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Ақорда сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысының коронавирус инфекциясымен күресуге бөлінген бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымының жолын кесу, сондай-ақ, қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға ерекше назар аударылды.

«Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша заңсыз айналымнан 9,6 млн-нан астам медициналық маска, 65 мың литр антисептик, 819 млн теңге сомасына түрлі дәрілік препараттардың 388,2 мыңнан астам орамасы алынып, аумақтық денсаулық сақтау органдарына берілді.

Бұдан басқа, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің кешенді тәсілін ұйымдастыру және көлеңкелі айналымды қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесі қаралды», - делінген хабарламада.

Осылайша, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шеңберінде жалған шот-фактураларды жазып беру фактілері бойынша анықталған қылмыс саны 2,5 есеге (2019 жылдың 6 айында 94-тен осы жылдың ұқсас кезеңінде 242-ге дейін) артты.

Аталған саладағы қылмыстың ұйымдасқан түрлерімен күрес бойынша қызу жұмыс жалғасуда. Мысалы, Атырау облысында сотқа ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс жіберілді, олар 1,8 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар шығарған.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде заңнамалық сипаттағы іс-әрекеттердің нәтижесінде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру сомасы бес жылда алғаш рет 36%-ға төмендеді.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – мемлекетке келтірілген экономикалық залалды өтеу. Бірінші жартыжылдықта Қаржы мониторингі комитеті 743 қылмыстық істі тергеді, оның 560-ы мәні бойынша сотқа қарауға жолданды.

«Осы қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 38,4 млрд теңгені құрады, оның шамамен, 32 млрд теңгесі  – мемлекетке келтірілген залал. Мемлекет кірісіне 21,1 млрд теңге өтелді, 9,6 млрд теңгелік мүлікке тыйым салынды», - делінген.

Тағы бір басты бағыт ретінде қаржы пирамидаларымен (29 қылмыстық іс тіркелген), заңсыз ойын мекемелерімен (117 қылмыстық іс, 160 орын жойылған), сондай-ақ, жалған ақша жасаумен (161 іс) күрес мәселесі аталды.

Сұхбат

PhotoRoom