Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында «Нұр Отан» партиясы KAHARMAN.KZ сайтын іске қосады. Бұл туралы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеу мәселесі бойынша өткен селекторлық кеңесте «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.
KAHARMAN.KZ сайтын іске қосу арқылы «Нұр Отан» партиясы ата-бабаларымыздың ұлы ерлігін дәріптеп, жастарды патриоттық тәрбиеге баулып, қоғамдағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен келісімді одан әрі нығайтуды көздеп отыр.
«Бүгінгі күні Ресейде осындай 36 сайт жұмыс істейді. Біз де бірегей мұрағаттық құжаттардың көшірмелері, қазақстандық батырлар туралы ақпараттар, соғыс жылдарының жылнамасы, фотогалерея, ардагерлер туралы мақалалар жарияланып тұратын ресурс ашқанды жөн көрдік», - деді Бауыржан Байбек.
Сонымен бірге KAHARMAN.KZ сайтында «Майдан дауысы» рубрикасын ашып, онда соғыс жылдарындағы әндерді, радиохабарларды орналастыру жоспарлануда.
Бірқатар министрліктер мен мекемелердің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ, өңірлердегі партия филиалдарының басшыларының қатысуымен өткен кеңесте «Нұр Отан» партиясының мерейтойлық жыл аясында жоспарланған іс-шаралары хабарланды.