Шымкентте бірнеше мектептің атауы өзгерді

Жаңалықтар
03.04.2023, 20:49
Шымкентте бірнеше мектептің атауы өзгерді

Тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тариф қымбаттады. Сондай-ақ, шаһардағы 12 бірдей білім беру мекемесінің атауы өзгерді. Бүгін сегізінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясында депутаттар осы және өзге де мәселелерге шешім шығарды.


Бұл жиынға жаңа құрамдағы 32 фракция мүшесі қатысты. Күн тәртібіне ұсынылған 10 мәселенің екеуі кейін қайтарылды. Жиынды жүргізіп отырған мәлихат хатшысы Баһадыр Нарымбетов алғашқы мәселе бойынша сөз тізгінін қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысына берді.

Баспана мәселесі - шаһар жұртының ең өзектісі. Сондықтан, қаржының көп бөлігі осы салаға бағытталған. Биыл тұрғынүй құрылысын жүргізіп, пәтерлерді сатып алу үшін 31 млрд. теңге қарастырылып отыр. 21 магистральді жол жөнделеді. Оған 4 млрд теңге бөлінді.  Әсіресе, халық қатысатын жоба бойынша атқарылатын жұмыс ширамақ. Бұған 6 млрд теңге бөлінген. Спикердің баяндамасына депутаттар қарсылық білдірмеді. Өйткені, Қаржы толығымен – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

Айлығы шайлығына жетпей жүрген қызметкерлер бар. Оларды жергілікті бюджет қаржыландырылады. Жиында оларға үстемақы беру мәселесі де назарға алынды. Сөйтіп, депутаттар 17 мыңға жуық азаматқа қосымша ақы беруді жөн деп тапты. Әдетте қаңтар-ақпанда бекітіліп қоятын бюджет бұл жолы жаңа құрамның өзгеруіне байланысты кешеуілдеп бекіді. Жиында кадрлық ауыс-түйіске байланысты дербес құрамға өзгерістер қабылданды. Ол-қала әкімінің қос бірдей орынбасарларының басқа қызметке ауысымен байланысты.

Ал, Шымкентте қатты қалдықтарды тасымалдау бойынша тариф қымбаттады. Халық қалаулылары әуелі бұл өзгеріске қарсы болғанын жасырмады. Дегенмен, бекітілген тариф еліміздің өзге де мегаполистеріндегі бағамен теңестірілді.

Бұл мәселе бойынша енді ел арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілмек. Тағы бір мәселе: Шымкенттегі 12 білім беру ұйымына жаңа атау берілді. Өйткені, қалаға кейін қосылған аумақтарда орналасқан мектептердің атауы қайталанған дейді қаланың бас ұстазы.

Бұдан бөлек сессияда жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидасы бекітілді. Сонымен, қала бюджеті 613 млрд теңге болып бекітілді. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы депутаттарды халықтың өмір сүру деңгейін көтеру бағытында жасалатын жұмысты жұмыла атқаруға шақырды.

Г. Қалмырзақызы

Сұхбат

PhotoRoom