Көлгінов: Биыл Нұр-Сұлтанда өткен жылмен салыстырғанда мектеп екі есе көп салынады

Аймақ
10.08.2020, 10:45

Биыл салынатын мектеп саны – 12

Көлгінов: Биыл Нұр-Сұлтанда өткен жылмен салыстырғанда мектеп екі есе көп салынады
фото: astana.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов бірқатар оқу орындарының құрылыс барысымен таныcты. Бұл туралы қала басшысы Instagram парақшасында жазды.

«Қала тұрғындары санының өсуіне байланысты әлеуметтік нысандарға түсетін салмақ артып келеді. Білім нысандары әсіресе халық көп шоғырланған елді-мекендерде салынып жатыр. Бүгін бірқатар оқу нысандарының құрылыс барысымен таныстым. Қазіргі №60 мектеп-лицей аумағында (Кубрин 21/1 көшесі) тағы бір мектеп салып жатырмыз. Мектеп аумағын кеңейтеміз. Бұл мектепке артылған шамадан тыс жүктемені азайтып, жаңа оқу орындарын құруға мүмкіндік береді. Биыл осы мектепті пайдалануға береміз. Абаттандыру жұмыстарына назар аудару қажет. Осы жылы былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп мектеп саламыз. Биыл салынатын мектеп саны – 12», - деп жазды ол.

Қала басшысы келесі жылы 2400 оқушыға есептелген екі ауысымдағы мектеп пайдалануға берілетінін айтты.

«Келесі жылдарға да дайындықты естен шығармадық. Ұлы Дала мен №39 көше қиылысында орналасқан білім ордасы 1200 оқушыға есептелген (екі ауысымда - 2400). 2021 жылы пайдалануға беріледі. Мектеп құрылысына жеке инвестордың қаражаты жұмсалады», - деп А. Көлгінов.

Сұхбат

PhotoRoom