Ағын су бақылауға алынған

Жаңалықтар
12.04.2023, 02:10
Ағын су бақылауға алынған

Бұған дейін көктем, жаз айларында егістік алқаптарда ағын су жетіспеушілігі жиі орын алатын. Нәтижесінде шаруалар бейнетінің зейнетін тиісті деңгейде көрмей қалушы еді. Биыл осындай олқылықтарды болдырмау үшін қажетті шараларды қолға алу керек екенін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтты. Ал, жауаптылар барлық жұмыстар жоспарға сай атқарылып жатқанын жеткізді.

 

 

 Түркістан облысында биыл 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарлануда. Оның 552 мың гектары суармалы жер. Жалпы облыста жоспарланған 488,6 мың гектар жер жырту және 115 мың гектар сор шаю жұмыстары толығымен аяқталды.

 

Сонымен қатар, мамандар су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін су арналарын қайта жаңғыртылату жұмыстары жүгізіліп жатқанын жеткізді. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр.

 

Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіру, мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында, облыс әкімінің тапсырмасымен 15 су нысанын күрделі жөндеу, 5 су нысанын ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 63 шақырым канал күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 11,2 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

Сұхбат

PhotoRoom