Зиянкестермен күрес жүргізіліп жатыр

Жаңалықтар
17.04.2023, 14:19
Зиянкестермен күрес жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында шыбын-шіркейге қарсы жұмыстар басталды. Мамандар Сырдария өзенін дәрілеу арқылы зиянкестердің қауіпін сейілтуді көздеп отыр. Себебі, қансорғыш жәндіктер жергілікті халыққа, тіпті үй жануарларына дейін айтарлықтай кері әсерін тигізеді дейді тұрғындар.

Күн жылынды дегенше, Сырдария өзенінің жағасындағы ауыл азаматтарының дегбірі қаша бастайды. Себебі, көктемде шабуылдайтын шыбын-шіркейге төтеп беру мүмкін емес дейді. Зиянкестердің кесірінен адамдар да, үй жануарлары да түрлі ауруларға ұшыраған кездері де болған. Тұрғындар осы мәселені жергілікті атқарушы биліктің алдында бірнеше рет көтерген. Бүгінде проблемаға облыс әкімінің өзі назарын аударған.

Өзен жағалай жайғасқан жұрттың зиянкестерден жапа шегіп келе жатқанына 10 жылдай уақыт болған. Мамандар қансорғыштар бұдан да бұрын болғанын айтады. Алайда, соңғы уақыттарда ғана шіркейлердің қауіптілігі артқан.

Дезинсекциялық өңдеу алаңы 6492 га құрайды, сондай-ақ су көлеміне байланысты Сырдария өзенінің биологиялық әдіспен өңделеді. Бұл жұмыстар бірнеше рет жүргізілетінін айтады мамандар.

Айта кетсек, «Satti Tulik» серіктестігі тарапынан құрылған ғылыми топ шіркейлердің көбею ошақтарын анықтаған. Сол зерттеулер нәтижесінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

Сұхбат

PhotoRoom