Келес ауданында жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән беріліп отыр. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың мәліметінше, аймақта 2022-2025 жылдары жалпы құны 44,3 млрд.теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылады. Ол арқылы ауыл шаруашылығы саласында 1 175 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
Келес ауданының аумағы 345 мың гектар жерді алып жатыр. Мұнда 1 ауыл, 11 ауыл округі мен 83 елді-мекені бар. Халық саны 133 753 адам, ал оның 57 мыңнан астамы экономикалық белсенді, - дейді аудан әкімі. Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, былтыр Келес ауданы өндірген жалпы өнім көлемі 107,5 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 65,5%-і. ауылшаруашылығы саласының үлесі. Биыл бұл санды 119,3 млрд теңгеге жеткізу жоспары тұр.
Бүгінде аудан халқын жұмыспен қамту мақсатында түрлі жоба қолға алынған. Таяуда Келес ауданында «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен еліміздегі ең үлкен, яғни 500 гектардан астам жылыжай кешенінің іргетасы қаланған еді. Жоба толық жүзеге асқанда 8 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Инвестициялық көлемі 524 млрд. теңге болатын жобаның қуатылығы – жылына 225 мың тонна қызанақ өсіру, дейді аудан басшысы.
Аудан әкімі жыл соңына дейін аудандағы 60,7 шақырым автомобиль жолы жөнделетінін айтты. Қошқарата ауылдық округі, Жамбыл елдімекеніндегі №28 Мақташы, №11 Жолбасшы мектеп ғимараттары жөнделіп, тамыз айында қолданысқа берілмек. Айта кетейік, аудандағы 83 елдімекеннің 57-сі ауызсумен қамтылған, 7 елдімекен экономикалық жағынан тиімсіз болып танылған. Ал қалған 19 елдімекенде ауызсумен қамту үшін облыстық басқармаға ұсыныс берілген. Сондай-ақ, ауданда 23 елдімекенді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал аудандағы табиғи газсыз отырған 27 елдімекенде құрылыс монтаж жұмыстары басталды.