40 мың бала жазғы лагерде демалады

Жаңалықтар
23.05.2023, 14:52
40 мың бала жазғы лагерде демалады

Биыл Түркістан облысында 40 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады. Оның ішінде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін барады. Сонымен бірге «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3 390 бала ақысыз жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтылады. 2023 жылы 1050 бала республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде демалады. Бала қауіпсіздігі – басты талап. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндалды.

Күнту Арынбек

тілші
- Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша, қала сыртындағы лагерлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылады. Олар жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын 330 лагерь жұмыс істейді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 110 мыңға жуық бала көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығынның жұмысына қатысады. Облыста биылғы 2022-2023 оқу жылында 17 жазғы сауықтыру лагерлері қызмет көрсетеді. Оның 7-еуі мемлекеттік, 10-ы жекеменшік.

Облыста орналасқан қала сыртындағы мемлекеттік жазғы сауықтыру лагерлері кейінгі 10 жылдан астам уақыт жөнделмеген. Отырыста олардың жай-күйі таныстырылды. Талапқа сай келмейтін демалыс аймақтарын ретке келтіруге  облыстық бюджет есебінен тиісті қаржы қарау ұсынылды. Сонымен бірге таулы аймақтарда орналасқан мемлекет меншігіндегі жазғы сауықтыру орталықтарын ретке келтіру бойынша ұсыныстар айтылды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерін санитариялық талапқа сәйкес келтіруді және кемшіліктерді жоюды тапсырды. Жауаптыларға балаларды жазғы сауықтырумен және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын қатаң бақылауға алуды жүктеді.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларды сауықтырумен, жазғы демалыспен барынша қамту қажет екенін айтты. Әкім бұл жұмысқа ірі кәсіпорындарды, бизнес өкілдерін тартқан жөн деді. Оқушыларды тасымалдайтын автобустар міндетті түрде патрульдік полицияның арнайы автокөліктерімен ілесіп жүреді. Балаларды полициясыз тасымалдауға тыйым салынады. Жазғы демалыс кезінде оқушылардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлері қамтамасыз етуге дайын.

Күнту Арынбек

тілші
- Сондай-ақ, автобуста қаралған орындықтардан артық балаларды отырғызуға болмайды және де қосымша жүргізуші міндетті түрде болуы керек. Балалардың жазғы демалу кезеңінде полиция қызметкерлері лагерлерге бекітіліп, қауіпсіздік шаралары үшін  лагерь аумағында тәулік бойы кезекшілікке түседі.

Сұхбат

PhotoRoom