Елордада «Аманат» партиясы атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумы өтті

Жаңалықтар
30.06.2023, 18:22

Астанада "AMANAT" партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумы өтті. Оған өңірлерден үш мыңға жуық халық қалаулысы қатысты.

Партия Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды.

«Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Бұл бізге де қатысты. Осы жолда «AMANAT» партиясы барлық игі істердің алғы шебінде жүруі тиіс. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болдық. Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсындық. Министрлерді тағайындадық. Мәслихаттағы фракцияларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады. Бір сөзбен айтқанда, «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді», – деді ол.

 

Елордада «Аманат» партиясы атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумы өтті

Ерлан Қошанов атап өткендей, «AMANAT» партиясы үш науқанның – президенттік және парламенттік сайлаудың, сондай-ақ жалпыұлттық референдумның қозғаушы күші болды. 

«Бұл біздің партиямыздың институционалдық тұрақтылығының көрсеткіші. «AMANAT» партиялық вертикальдың жұмыс істейтінін және азаматтар партияға сенім артатынын дәлелдеді. Қазір мәслихат депутаттарына партиялық вертикальға толық қосылуға, оның ресурстары мен мүмкіндіктерін пайдалануға, шешімдер әзірлеп, оны қабылдауға мүмкіндік беру маңызды. Жалпы, келесі сайлауда кадр резервін бірінші кезекте мәслихат депутаттарынан – белсенді, адал, халық арасында сенім мен беделге ие азаматтарадан қалыптастыру керек деп санаймын», – деді ол.

Партия Төрағасы аманаттық депутаттар әкімдіктермен өзара тиімді қарым-қатынас жасауы тиіс екенін, себебі сайлауалды уәделерді орындау осыған келіп тірелетінін ерекше атап өтті. 

 

«AMANAT» партиясы мәслихат депутаттарының форумы панельдік сессияда жалғасты. Аймақтардан келген 2,5 мың депутат 11 секцияға бөлініп, білікті спикерлерден дәріс алды.

Баяндама оқыған спикерлердің қатарында Премьер-министрдің орынбасарлары, министрлер мен партия хатшылары бар. Қатысушылар оларды тыңдап қана қоймай, өз облысындағы өзекті проблемаларға қатысты сұрағын қойып, пікір алмасты.

Сұхбат

PhotoRoom