Қазақстан ғалымдары жасаған QazCovid-in вакцинасы клиникаға дейінгі зерттеуден сәтті өтті

Жаңалықтар
19.08.2020, 11:38

Зерттеу нәтижесі вакцинаны адамдарға қолдануға болатындығын көрсеткен

Қазақстан ғалымдары жасаған QazCovid-in вакцинасы клиникаға дейінгі зерттеуден сәтті өтті
фото: БҒМ баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаларды сараптау ұлттық орталығы QazCovid-in вакцинасы клиникаға дейінгі зерттеуден өткенін хабарлады.

ДЗСҰО Алматы қаласындағы аймақтық филиалының фармакологиялық сынақ зертханасы базасында COVID-19 (QazCovid-in) қарсы қазақстандық белсенді емес вакцинаны клиникаға дейінгі зерттеу аяқталды.

Жануарларға вакцинаның күшейтілген дозасын салып, оның қауіпсіздігі мен уытты әсері мұқият тексерілді. Сонымен қатар, осы зерттеу аясында отандық вакцинаның ағзаға аллергиялық реакциясы мен денені тітіркендіргіш әсерінің жоқ екені анықталды. Жалпы зерттеу әдістерінен басқа, вакцинаның қауіпсіздік деңгейі қанның гематологиялық және биохимиялық көрсеткіштерімен расталды. Вакцинаның жануарлардың ішкі мүшелеріне әсері де бағаланды. Жіті зерттеу нәтижелері клиникаға дейінгі зерттеу COVID-19 қарсы отандық вакцина уытты емес екенін анықтады және оны кейін клиникалық сынақ барысында ерікті-адамдарға қолдануға болатындығын көрсетті.

«Жаңа вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін толық бағалау үшін, қазақстандықтарды вакцинациялау үшін одан әрі кең ауқымды клиникалық зерттеулер қажет. Зерттеудің барлық кезеңі өткізілгеннен кейін ғана вакцинаның қауіпсіздігі туралы айтуға болады», - деді ҚР ДСМ ҚКК және БТУ ШЖҚ РМК Алматы фармакологиялық сынақ зертханасының меңгерушісі Валентина Шнаукшта.

Айта кетейік, барлық эксперимент Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының жануарханасындағы эксперименттік жануарларға жасалды. Фармакологиялық зерттеулер зертханасы GLP OECD сәйкес Словак ұлттық аккредиттеу қызметінің (SNAS) халықаралық аккредиттеу мәртебесіне ие және Қазақстандағы биоэквивалентті зерттеу жүргізетін жалғыз зертхана.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалымдардың жұмысын өзінің ресми сайтында тіркеп, оны клиникаға дейінгі зерттеуге рұқсат етілген Covid-19 қарсы вакцинаға кандидаттардың тізіміне қосқан болатын.

Отандық белсенді емес вакцинаны ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірледі. Ведомствоның мәліметінше, ол Қазақстандағы науқастардан бөлінген вирус штаммы негізінде жасалған.

Тегтер:
вакцина QazCovid-in

Сұхбат

PhotoRoom