ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Жаңалықтар
25.07.2023, 18:05
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қалмұратов Мұратәлі Оразәліұлы мен Еңбекші ауданының Атқарушы хатшысы Жартыбекова Гүлжайна Жақайқызы қалалық перзентханада болып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Басқосуда денсаулық сақтау саласындағы өзекті тақырыптар қозғалып, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы осы саладағы негізгі басымдықтар сөз болды.

Перзентхана перинаталдық көмек көрсетудің екінші деңгейінде, яғни жүктіліктің 32 аптасынан бастап болашақ аналарды қабылдайды. Аталмыш орталық қызметінің негізгі бағыты жүкті, босанушы және босанған әйелдерге акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету және жаңа туған нәрестелерге неонаталдық көмек көрсету болып табылады. Перзентханада тәулігіне 40 босануға дейін тіркеледі.   
Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан. 

Мекемеде 53 білікті дәрігер, 190 орта, 101 кіші медперсонал жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 162 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде. Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалды. 

Кездесу соңында медицина қызметкерлері халық қалаулысына бірнеше ұсыныс-тілектерін айтты. Мәселен, перзентханадағы асхана мәселесі, кір жуу бөлмесінің қажеттілігін алға тартып, бактериологиялық зертхана мен орталықтандырылған залалсыздандыру бөлімінің салынуына ықпал етуін сұрады. Өз кезегінде Мұратәлі Оразәліұлы көтерілген мәселелерді депутаттық сауал жолдау арқылы заң аясында орындалуын қадағалауға уәде берді.

Сұхбат

PhotoRoom