Шымкентте білім саласы толық цифрлы жүйеге көшті

Аймақ
19.08.2020, 14:29

Шалғайдағы елдімекендерді интернетпен қамту үшін 43 нүктеге талдау жұмыстары жүргізілді

Шымкентте білім саласы толық цифрлы жүйеге көшті

Шымкентте цифрландыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досан Әлібеков баспасөз брифингінде атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Досан Биназарұлының айтуынша, биыл білім саласы қызметі жаңа оқу жылына орай толық цифрлы жүйеге көшті. Балалардың онлайн режимде сабақ алуын қамтамасыз ету үшін қаладағы барлық білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде.

«Білім саласы – ең маңызды әлеуметтік саланың бірі. Биыл білім саласы толық автоматтандырылды. Балаларды білім ұйымдарына қабылдау толық электронды форматта жүзеге асты. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау, отбасы және балаларға қатысты қызметтер, тағы басқа қызметтер толық автоматтандырылды.

Қала аумағын жоғары жылдамдықты және қуатты интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде 11 базалық станция орнатылуда. 11 орын бойынша да қалада заңдастыру жұмыстары аяқталды. Шымкент қаласының аумағына кіретін барлық шалғайдағы елдімекендерді жоғары сападағы интернетпен қамту үшін қосымша 43 нүктеге талдау жұмыстары жүргізілді. Қыркүйек, қазан айларында базалық станциялардың жұмысын іске қосу жұмыстары аяқталады», – деді Досан Биназарұлы.

Айта кетсек, бүгінде Шымкент қаласы сапалы интернет жүйесімен 80 пайыз қамтылған. Ал орнатылып жатқан базалық станциялардың жұмысы аяқталған сәтте бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпек.

 

Сұхбат

PhotoRoom