Жамбыл облысындағы Президент резиденциясы оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды

Жаңалықтар
02.08.2023, 17:19
Жамбыл облысындағы Президент резиденциясы оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жамбыл облысындағы резиденция ғимараты «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл ауданы Гродеково ауылындағы орталықтың салтанатты ашылуына Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты.

«Жылына 1000 балаға дейін қабылдайтын «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығына биыл облыстық бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Барлық жағдайды жасауға тырыстық. Екі үлкен оқу орталығы бар. Енді штат ашу, қаражат бөлу жөнінде тағы да ұсыныстар түсіп жатыр. Біз оның барлығын қолдаймыз», - деді облыс әкімі.

Жалпы, бүгінде республика бойынша 218 балалар орталығы бар. Олардың 17-сі ғана – жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығы. 18-орталық Жамбыл облысында ашылып отыр.

«Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған жылдары біз 600-ге жуық балалар орталығын жоғалтып алдық. Осыны ескере келе, Мемлекет басшысы әкімдерге екі міндет жүктеді. Алғашқысы 2026 жылға дейін ел аумағында 50 сауықтыру орталығын құру болса, екіншісі резиденцияларды балаларға оқу-сауықтыру орталығы ретінде ашу. Осы екі тапсырма да тұңғыш рет Жамбыл облысында жүзеге асты», - деді салтанатты шарада Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Айта кетейік, жалпы алаңы 10 гектар болатын оқу-сауықтыру орталығында 5 жатын корпусы, 2 бассейн, спорттық алаңдар, медпункт, үйірмелерге арналған ғимарат, коворкинг орталығы және гольф клубы бар.

Балалар бұл орталықта жаз мезгілінде 12 күндік, басқа кезеңдерде 24 күндік сауықтырумен қамтылады. Жыл бойына қызмет ететін орталықта бір ауысымда 5-9 сынып аралығындағы 50 бала демалады. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі, үздік оқыған, көпбалалы отбасындағы балаларға да айрықша назар аударылады.

Орталықта балалар 10 түрлі үйірмеге қатысып, шығармашылықтарын шыңдаумен қатар, волейбол, футбол, баскетбол сынды спорттық ойындарды да ойнайды. Шахмат, тоғызқұмалақ және асық ату секілді ұлттық ойындарды үйренеді, жалпы алғанда баланың шығармашылық және зияткерлік дамуына ерекше көңіл бөлінеді.

Сұхбат

PhotoRoom