Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне кінәлі әйел бостандыққа шықты

Жаңалықтар
20.08.2020, 18:04

Оның жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлға ауыстырылды

Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне кінәлі әйел бостандыққа шықты
фото: hhnews.kz

Белгілі ақын, Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апатына кінәлі деп танылған Малика Мұхитова мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті.

«23 маусымда Байқоңыр аудандық № 2 сотының қаулысымен Мухитованың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылған жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы сотының апелляциялық сатысы осы шешімнің күшін жойды, бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі айыппұлға ауыстырылды. Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес, сотталған адам қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Мухитова заңның осы талаптарын орындады», - делінген қалалық сот хабарламасында.

Соттың хабарлауынша, бүгінге дейін Мұхитова жазаның басым бөлігін өтеген. Өтелмеген 4 ай 27 күн ғана қалған. Ол жазасын өтеу барысында өзін тәртіпті ұстап, мекеменің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны және үлгілі тәртібі үшін 3 рет ынталандырылған. Түзеу мекемесі де оған оң сипаттама берген.

«Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімі бойынша моральдық зиян өтемақысын да толық төледі. Прокурор мен мекеме өкілі сотталушының өтінішхатын қолдап, жазаны жеңіл түрімен ауыстыруды сұрады. Жоғарыда айтылған мән-жайлардың негізінде апелляциялық саты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны айыппұлға ауыстырды. Алайда Мухитова қосымша жаза - көлік құралын басқару құқығынан бес жыл мерзімге айырудан босатылған жоқ және ол осы жазаны мекемеден босатылғаннан кейін өтейді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласы Есіл ауданы № 2 аудандық сотының 2018 жылғы 13 қарашадағы үкімімен Малика Мухитова абайсызда адам өліміне әкеп соққан Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін (ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі) кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылып, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеуге сотталған болатын.

Сұхбат

PhotoRoom